Қазақстан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы командалық медаль есебінде ресми түрде бірінші орынға шықты. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, медальдарды есептеу кезінде техникалық мәселе туындаған. Кейін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының жүлдесін жеке-жеке есепке алу туралы шешім қабылдаған. Соның нәтижесінде Қазақстан жалпы командалық есепте көш бастады.
"Командалық есептегі жалғыз техникалық алшақтық медальдарды санау кезінде туындады. Бүгін ұйымдастыру комитеті Қазақстанның үш спортшысының әрқайсының медалін жеке-жеке есепке алу туралы шешім қабылдады. Осылайша, жалпы командалық есепте Қазақстан бірінші орынды иеленді. Қазақ бауырларымызды жеңісімен құттықтаймыз!" – деп жазды Алагөзов.
Асқат Алагөзов Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын үлкен спорттық мереке деп бағалап, Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы бәсекеге де тоқталған. Ол әсіресе көк бөрү мен жер-ұлақ жарыстарын атап өтті.