2026 жылғы 5 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы 66-концерттік маусымын салтанатты түрде ашты. Биылғы маусымашар қазақ кәсіби музыка өнерінің көрнекті өкілдері, композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің туғанына 120 жыл толуына арналды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жаңа маусымның шымылдығын түрген кеште ұлттық музыка, опера өнері, дәстүрлі ән-күй, классикалық және эстрадалық шығармалар тоғысқан мазмұнды бағдарлама ұсынылды. Концерт Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің орындауындағы Ахмет Жұбановтың «Абай» операсынан алынған «Би сюитасымен» ашылды. Сондай-ақ қазақ операларынан құрастырылған попурри, «Алтын арқа», «Ән шашу», «Заман», «Сарыарқа», «Қарлығаш» және басқа да танымал шығармалар орындалды.
Мерекелік кешке Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің басшылығы арнайы қатысып, өнер ұжымдары мен әртістердің шығармашылық кешін тамашалады.

Кеште Алматы филиалының әртістері Қазақстанның Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қырғызстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағанбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанна Орынбасарова арнайы келіп қатысты.
Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Медет Чотабаев, Серік Еркімбеков, Айгүл Елшібаева, Ерболат Шалдыбеков, Нұрболат Арзамас және Айзат Қарабек, «Құрмет» орденінің иегері Айзада Капонова, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Азат Мәлік пен Асқар Мұқият, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Алтыншаш Мұқатаева, мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрар, халықаралық байқаулардың лауреаттары Талғат Аллабиринов, Ибраһим Амин, Нұрсезім Саматқызы, Біржан Айтахмет, Ербол Тәжібаев пен Меруерт Желдібаева, сондай-ақ Нұрай Шеру және өзге де өнерпаздар сахна төрінен көрінді.
Бағдарламаға Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы, G-band тобы және «Birlik» би ансамблі қатысты. Концерт барлық қатысушылардың орындауындағы Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау» әнімен қорытындыланды. Кеш соңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің атынан ықылас гүлі ұсынылды.
Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдық мерейтойына арналған концерттік маусымның ашылуы дәстүр мен жаңашылдықты, ұлттық мұра мен заманауи сахна мәдениетін тоғыстырған тағылымды кешке айналды. Әуелеген ән мен симфониялық оркестрдің қуатты үні көрерменге ерекше рух сыйлап, қазақ музыкасының бай мұрасын тағы бір қырынан танытты.
Айта кетейік, Алдағы 66-концерттік маусымда дәстүрлі музыка, эстрада, классика және театр өнерін қамтитын ауқымды концерттер мен жаңа жобалар көрермен назарына ұсынылады. Маусым аясында Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына, Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 120 жылдығына арналған мерейтойлық кештер өтеді.
Сондай-ақ Республика күніне орай «Біздің жәрмеңке» концерттік бағдарламасы ұйымдастырылып, «Astana Musical» мемлекеттік театры екі жаңа қойылымның премьерасын ұсынады.
«Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы еліміздің әр өңіріне тән дәстүрлі ән-күй мен жыр-дастандарды кеңінен насихаттайтын жаңа циклдік концерттік бағдарламаларын бастайды. Ал 66-концерттік маусымның екінші жартысынан бастап Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің әлемдік музыка жауһарларына арналған және балалар аудиториясына бағытталған абонементтік концерттері өтеді.