Цифрлық платформа жүк тасымалының ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс – Ерқанат Мұсылманбек

/
Цифрлық платформа жүк тасымалының ашықтығын қамтамасыз етуге тиіс – Ерқанат Мұсылманбек
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ерқанат Мұсылманбек Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевқа, Қаржы министрі Мәди Тәкиевке көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін жетілдіру жөнінде депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев көлік-логистика саласын одан әрі цифрландыру, ақпараттық жүйелерді біріктіру және бірыңғай интеллектуалды көлік экожүйесін қалыптастыру міндетін қойды. Бұл бағыт «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында да қамтылған. 2026 жылғы 1 маусымда Көлік министрлігі Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесін (ЕСУТД) іске қосты. Алайда техникалық мәселелер мен жүк тасымалына қатысушылардың көптеген өтініштеріне байланысты жүйені енгізу 2027 жылғы маусымға дейін тоқтатылды.

Бүгінгі таңда шешімін таппаған негізгі мәселелер мыналар:

Біріншіден, ауылдық жерлерде интернет байланысының әлсіздігінен құжаттарды цифрлық платформада уақытылы рәсімдеу мүмкін болмай отыр.

Екіншіден, ақпараттық жүйелердің өзара байланысы жеткіліксіз. Соның салдарынан кәсіпкерлер бір мәліметті бірнеше рет қолмен енгізуге мәжбүр.

Үшіншіден, ауылдық және шалғай елді мекендерде жүргізушілерді медициналық тексеруден өткізетін лицензиясы бар мамандар жеткіліксіз.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жүк тасымалдау және жеткізу қызметімен айналысатын 138 мыңға жуық кәсіпкерлік субъектісі бар. Олардың басым бөлігі цифрлық көлік платформасымен жұмыс істейді. Сапалы цифрлық платформа жүк тасымалдау құжаттарын рәсімдеуді жеңілдетіп, жүк қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар көлеңкелі айналымды азайтып, адал кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені төмендетуі қажет», – деді ол.

Депутат негізгі мақсат – құжаттарды жай ғана электрондық форматқа көшіру емес, тасымалдау процесіне қатысушыларға қосымша кедергілер тудырмайтын, сенімді әрі тәжірибеде тексерілген цифрлық платформаны қалыптастыру екенін атап өтті.

«Осыған байланысты төмендегі шараларды қабылдау қажет деп санаймыз:

Біріншіден. Цифрлық көлік платформасын кәсіпкерлер пайдаланып отырған (1С, ERP,WMS) есеп жүйелерімен біріктіріп, мәліметтерді қайта енгізу қажеттілігін жою.

Екіншіден. Интернет болмаған немесе техникалық ақаулар туындаған жағдайда жұмыс істеу тәртібін қарастыру. Құжаттарды кейіннен енгізу мүмкіндігін қамтамасыз етіп, пайдаланушыларды өздеріне байланысты емес техникалық мәселелер үшін жауапкершілікке тартпау.

Үшіншіден. Жүйені толық іске қоспас бұрын тасымалдаушылар, кәсіпкерлер, жүк жөнелтушілер, жүк алушылар және мемлекеттік органдар өкілдерімен бірлесіп, платформаны кең көлемде сынақтан өткізу.

Төртіншіден. Қаржы министрлігімен бірлесіп, тауарларға арналған ілеспе жүкқұжатты (СНТ) және тауар-көлік жүкқұжатын (ТТН) бір электрондық тасымалдау құжатына біріктіру мәселесін пысықтау. Бұл мәліметтердің қайталануын болдырмауға мүмкіндік береді.

Біздің міндетіміз – құжаттарды жай ғана электрондық форматқа көшіру емес. Негізгі мақсат – тасымалдау процесіне қатысушыларға қосымша кедергілер тудырмайтын, сенімді әрі тәжірибеде тексерілген цифрлық платформаны қалыптастыру. Бұл Мемлекет басшысы қойған міндеттердің сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс», – деді ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар