15 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Қазақстанда «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Асхат Дюсембеков мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – балалардың жолда, мектепте және күнделікті өмірде қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Полиция қызметкерлері мектеп автобустарының қауіпсіздігін, олардың техникалық жағдайын, сондай-ақ мектеп маңындағы жолдар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін тексеруде. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр», – деді Асхат Дюсембеков.
Сонымен қатар мектептердегі қауіпсіздік шараларына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бейнебақылау камераларын полицияның жедел басқару орталықтарына толық қосу жұмыстары жүргізілуде.
Әр мектепке полиция қызметкерлері бекітілген. Олар оқушылармен кездесіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді және түрлі жағдайларда дұрыс әрекет ету жолдарын үйретеді.
Полиция полковнигі ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды.
«Бала қауіпсіздігі – тек полицияның немесе мектептің міндеті емес. Бұл – ең алдымен, ата-ананың да жауапкершілігі. Күн сайын балаңызбен бірнеше минут қауіпсіздік туралы сөйлесіңіз. Жолды тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өту, жолдан өтерде жан-жағына қарау, телефонға алаңдамау, бейтаныс адамдармен бірге кетпеу сияқты қарапайым ережелерді үнемі еске салып отырыңыз», – деді ол.
Сондай-ақ Асхат Дюсембеков балаларға сақтық шараларын ескеріп, күмәнді немесе қауіпті жағдайға тап болған кезде бұл туралы ата-анасына, мұғалімге немесе полиция қызметкеріне хабарлауды тапсырды.
«Баланың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Бірге қамқор болсақ, әр бала мектепке аман барып, үйіне қауіпсіз оралады», – деді Ювеналдық полиция басқармасының бастығы.