Алматыда құтқарушылар өртеніп жатқан пәтерден баланы алып шықты

/
Алматыда құтқарушылар өртеніп жатқан пәтерден баланы алып шықты
t.me/qr_tjm

Алматыда көпқабатты тұрғын үйден өрт шығып, құтқарушылар пәтерде қалған баланы аман алып шықты. Сондай-ақ төрт адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Алматы қаласының Бостандық ауданындағы Орбита-2 шағын ауданында болған.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, бес қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама «112» қызметіне түскен.

Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер ғимаратты тексеру барысында төртінші қабаттағы пәтердің жанып жатқанын анықтаған.

"Оқиға орнына ТЖМ бөлімшелері жедел жетті. Барлау барысында бес қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерде өрт шыққаны анықталды. Құтқарушылар дереу өртті сөндіруге және адамдарды эвакуациялауға кірісті", – делінген ведомство хабарламасында.

Құтқарушылар бес адамды қауіпсіз жерге шығарды

Өрт сөндірушілер баспалдақ арқылы төрт тұрғынды эвакуациялап, тағы бір баланы құтқарып қалған.

ТЖМ мәліметінше, мамандардың жедел әрекетінің арқасында жалын көршілес бөлмелерге таралмаған. Өрт толық сөндірілді. Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Ведомство құтқарушылардың баланы өрт шыққан пәтерден алып шығу сәтінің видеосын жариялады. Өрттің шығу себебі туралы әзірге ақпарат берілген жоқ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар