Құрылтай сайлауынан кейін Министрлер кабинеті қайта жасақталды. Экономикалық және күштік блоктың басшылары қызметінде қалды. Сонымен қатар сыртқы саясат, экология, төтенше жағдай, мәдениет салаларына жаңа кадрлар келді. Бұл жолғы өзгерістен жаппай ауыс-түйістен гөрі сабақтастықты сақтай отырып, жекелеген бағыттарды күшейтуге мән берілгенін байқауға болады.
Үкіметті бұрынғыдай Олжас Бектенов басқарады. Ал Нұрлыбек Нәлібаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ғалымжан Қойшыбаев Премьер-Министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы қызметіне кірісті. Серік Жұманғарин Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі қызметінде қалса, Қанат Бозымбаев та Үкімет басшысының орынбасары ретіндегі жұмысын жалғастырады.
Жаслан Мәдиевтің Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі болып тағайындалуы жаңа құрамдағы маңызды шешімдердің бірі саналады. Министр лауазымының Үкімет басшысының орынбасары қызметімен қатар берілуі цифрландыру мен жасанды интеллектінің енді жекелеген саланың ғана емес, бүкіл экономиканы жаңғыртудың негізгі тетігі ретінде қарастырылып отырғанын аңғартады.
Елеулі ауыс-түйіс сыртқы саясат саласында болды. Бұған дейін де Сыртқы істер министрлігін басқарған Мұхтар Тілеуберді осы қызметке қайта келді. Бұл шешім халықаралық қатынастар күрделенген кезеңде дипломатиялық тәжірибеге басымдық берілгенін көрсетеді.
Бірқатар әлеуметтік және қоғамдық маңызы бар салаларға да жаңа басшылар келді. Мұрат Мұханов Төтенше жағдайлар министрі, Әлібек Қуантыров Экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды. Ал Мәдениет және ақпарат министрлігін Арман Қырықбаев басқаратын болды.
Дәурен Қосанов – Қорғаныс министрі, Ержан Сәденов – Ішкі істер министрі, Мәди Такиев – Қаржы министрі, Ерлан Ақкенженов те Энергетика министрі қызметінде қалды. Нұрлан Сауранбаев көлік саласын, Ерлан Сәрсембаев әділет саласын, Жұлдыз Сүлейменова оқу-ағарту саласын басқаруды жалғастырады. Ақмарал Әлназарова – Денсаулық сақтау министрі, Саясат Нұрбек – Ғылым және жоғары білім министрі, Айдарбек Сапаров Ауыл шаруашылығы, Асқарбек Ертаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып қайта тағайындалды.
Жаңа құрамға қарап, Үкіметтің экономикалық бағыты күрт өзгермейді деген қорытынды жасауға болады. Қаржы, ұлттық экономика, энергетика, ауыл шаруашылығы және көлік салаларындағы басшылардың орнында қалуы бұрын басталған бағдарламалардың жалғасатынын меңзейді. Ал экология, еңбек, төтенше жағдай және мәдениет пен ақпарат салаларындағы жаңа тағайындаулар осы бағыттарда тың серпін қажет екенін байқатады.
Үкіметтің алдында экономикалық өсімді нақты нәтижеге айналдыру, инфляцияны тежеу, инфрақұрылымды жаңарту, әлеуметтік мәселелерді шешу міндеттері тұр.