Данияның солтүстігіндегі Ребильд қаласының тұрғыны ауласына терраса салу үшін жер қазып жүріп, ерекше қазынаға тап болды. Оның ауласынан жалпы салмағы 18,5 келі болатын көне күміс бұйымдар табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Politiken басылымының мәліметінше, табылған заттарды зерттеуге археологтар тартылған. Мамандар бұл олжа Дания аумағынан осы күнге дейін табылған викингтер дәуіріне тиесілі ең ірі күміс қазыналардың бірі болуы мүмкін деп отыр.
Nordjyske Museer мамандары жәдігерлер шамамен X ғасырда қыш ыдысқа жасырылған деп болжайды.
Қазба кезінде 700-ге жуық бұйым мен олардың бөліктері анықталған. Олардың арасында күміс құймалар, білезіктер, 47 бүтін тиын, тиын сынықтары, Тор балғасы бейнеленген шағын бойтұмар және түрлі күміс әшекейлер бар.
Археологтардың айтуынша, 320-ға жуық зат қыш құмыраның ішінде жақсы сақталған. Олардың жалпы салмағы 6,4 келіге жетеді. Қалған күміс бұйымдар ыдыстың айналасындағы топыраққа шашылып қалған.
Nordjyske Museer мәдени мұра бөлімінің басшысы, археолог Торбен Сараув бұл олжаның тарихи маңызы зор екенін айтты.
«Бұл Даниядағы викингтер дәуірін түсіну үшін аса маңызды олжа. Қазына сол кезеңде күмістің байлық өлшемі әрі төлем құралы болғанын көрсетеді», – деді ол.
Табылған тиындардың арасында араб және ағылшын ақшалары да бар. Мамандардың пікірінше, бұл сол кезеңдегі скандинавиялықтардың Шығыс пен Батыс елдерімен кең сауда және мәдени байланыс орнатқанын аңғартады.
Археологтар Ребильдтен табылған қазынаны викингтер дәуіріндегі өзіндік «банк сейфіне» теңеп отыр.