Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданында балабақша бухгалтері өзіне жоғары жалақыны заңсыз төлеу арқылы 30 млн теңгеден астам бюджет қаражатын иемденді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аудан прокуратурасының жүргізген тексерісі нәтижесінде балабақша есепшісі өзіне штаттық кесте бойынша бекітілген еңбекақыдан жоғары мөлшерде қосымша қаражатты өзінің банктік есеп-шотына 5 жыл бойы негізсіз аударып келгені анықталды.
Осы факт бойынша прокуратура Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі 2) тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастап (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған мүлікті заңсыз иемдену), тергеу жүргізуді Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне тапсырды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Осы норманың санкциясы кінәлі тұлғаның мүлкін тәркілеп, белгілі бір лауазымдарды атқаруға немесе белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым сала отырып, 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады.
ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де мән-жайлар жария етуге жатпайды.