1 қыркүйектен бастап елімізде бірқатар өзгеріс болады. Орта білім беру саласында оқушылар жаңа Ата заң негіздері және қосымша бірнеше жаңа курста білім алады. Бастауыш сынып оқушыларының білімін бағалау жүйесі өзгеріп, педагогтерді аттестаттау тәртібі жаңартылады. Мұнан өзге де елеулі өзгерістер бар, деп хабарлайды turkystan.kz kazinform-ға сілтеме жасап.
Оқушыларды қандай жаңалық күтіп тұр
Сонымен, 1 қыркүйекте еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте сабақ басталады. Биыл 380 000-нан астам бала бірінші сыныпқа барады. Қала мектептерінде шамамен 191 000 бала, ал ауыл мектептерінде шамамен 128 000 бала оқиды.
2-4-сынып оқушыларының білімін бағалаудың жаңартылған тәсілдері енгізіледі. Бұл ретте критериалды бағалау жүйесі сақталады, ал 1-сыныптарда бағалау тәртібі өзгеріссіз қалады. Бұған дейін тоқсандық бағаны шығару кезінде оқушының күнделікті сабақта алған формативтік бағалары жалпы нәтиженің 25 пайызын құрайтын. Енді бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін артады, яғни тоқсандық бағаның жартысы оқушының тоқсан бойындағы күнделікті сабақтағы оқу нәтижесі негізінде қалыптасады. Бұл өзгеріс оқушының сабақтағы тұрақты еңбегін, тапсырмаларды орындауын және оқу мақсаттарын меңгеру деңгейін қорытынды бағалауда көбірек ескеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар оқу бөлімдерін меңгеру нәтижесін анықтау үшін аралық бағалау енгізіледі. Жаңа тәртіпке сәйкес, педагог тоқсан ішінде әр пән бойынша әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30%-ында бағалауы керек. Мысалы, тоқсанда пән бойынша 30 сабақ өткізілсе, әр оқушы кемінде 9 сабақта формативтік балл алуы тиіс. Бұл – бағалаудың ең төменгі жиілігі. Педагог оқушыны одан да жиі бағалай алады.
Ал білім беру мазмұнына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 5–7-сыныптарға «Конституция негіздері», 8–11-сыныптарға «Заң және тәртіп», 5–11-сыныптарға «Жеке қауіпсіздік» міндетті оқу курстары енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні ретінде оқытылған «Құқық негіздері» барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналып, оның мазмұны Жаңа Конституция қағидаттарына сәйкестендірілді. Сонымен бірге жасанды интеллект білім беру мазмұнына кезең-кезеңімен кіріктіріліп жатыр. Осыған байланысты «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы мен мазмұны жаңартылды.
Білім саласындағы келесі өзгеріс, 1 қыркүйектен бастап алғашқы әскери дайындық пәні жаңартылған бағдарламамен өтеді. Пән «Алғашқы әскери дайындық» атауын қайта иеленіп, оқыту форматы түбегейлі өзгерген. Бұл өзгерістер пәннің мазмұнына және педагогтерді даярлау тәсілдеріне де қатысты. Енді оқытушылардың біліктілігін арттыру әскери оқу орындарында ұйымдастырылады. Бұл олардың практикалық даярлығын күшейтуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек заңнамада педагогтердің әскери өтілі болуы да қарастырылған.
Ұстаздарды аттестаттау ережесі өзгереді
Педагогтерді аттестаттаудан өткізу пилоттық жобасы іске қосылады. Жобаға 2026 жылғы 1 қыркүйекке дейін педагогтердің білімін бағалауды (ПББ) бірінші рет тапсырып, мәлімделген біліктілік санаты бойынша шекті балл жинай алмаған, аттестаттауға жататын педагогтер мен жоба іске қосылған кезде ПББ-ға тіркелген, бірақ тестілеуге кіріспеген немесе ПББ-ға тіркелмеген, кезекті не мерзімінен бұрын аттестаттауға жататын педагогтер қатысады.
Енді педагогтің кәсіби деңгейі тест нәтижесімен емес, оның күнделікті жұмысы мен білім беру сапасына қосқан нақты үлесі арқылы бағаланатын болады. Педагогтер үшін міндетті пәндік тестілеу алынып тасталады. Бұл талап тек педагогикалық қызметке жаңадан келген мамандарға, жұмысын қайта бастаған мұғалімдерге, сондай-ақ білім беру ұйымдарының басшылары мен әдіскерлеріне қатысты сақталады. Барлық рәсім «Ұстаз» платформасы арқылы жүргізіледі. Бұл құжат айналымын қысқартып, процестің ашықтығы мен қолжетімділігін арттырады. Жаңа жүйе педагогтің кәсіби еркіндігін арттырып, оның шығармашылық және әдістемелік әлеуетін толық іске асыруға жағдай жасайды. Сонымен қатар қолданыстағы тәртіпке сәйкес, белгіленген талаптарды орындаған педагогтерге тиісті біліктілік санаты бойынша қосымша ақы жаңа оқу жылының басынан бастап төленеді. Ал алғашқы тестілеуде шекті деңгейге жете алмаған педагогтерге қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі.
Жаңа университет ашылады
1 қыркүйектен бастап Қазақ зерттеу жасанды интеллект университеті студенттерді оқытуды бастайды. Шамаман 600 білім алушы қабылданады. Бакалавриатта 400 студент болады, оның 308-і мемлекеттік грант иегері. Магистратура бағдарламасына 100 адам Астана хаб, Алагеум гранттарына және ақылы оқуға қабылданады. «Самұрық-Қазына» өзінің 100 қызметкерін MBA AI+X бағдарламасында оқытады.
Университетте оқу толықтай ағылшын тілінде жүргізіледі. Тілді меңгеру деңгейін растау үшін талапкерлер халықаралық сертификаттардың бірін ұсынуы қажет: IELTS Academic – кемінде 5,0 балл, TOEFL ITP – кемінде 460 балл немесе TOEFL iBT – кемінде 65 балл.
Егер ағылшын тілін меңгеру деңгейін растайтын сертификат болмаса, талапкер қабылдау комиссиясымен ағылшын тілі бойынша сұхбаттан өтуі қажет.
Магистратураға түсушілер үшін бір жылдық бейіндік оқу және екі жылдық ғылыми-педагогикалық оқу қарастырылған. Оқуға түсу үшін М094 «Ақпараттық технологиялар» білім беру бағдарламалары тобы бойынша кешенді тестілеуден өту қажет. Тестілеу пәндеріне «Алгоритмдер және деректер құрылымдары» және «Деректер базасы» кіреді.
Паспорт алу рәсіміндегі өзгерістер
Шетелде жүрген азаматтарымыздың паспорт рәсімдеу үшін қайда және қалай құжат тапсыратынына қатысты тәртіп те ертеңнен бастап жаңартылады. Азаматтарымыз паспорт рәсімдеу үшін еліміздің сол мемлекеттегі дипломатиялық өкілдігіне немесе консулдық мекемесіне жүгінуі керек. Атап айтқанда, бұл қызметті шетелде тұрақты тұратын азаматтар, шетелде оқып жүрген студенттер мен еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндер, Қазақстаннан тыс жерде туған кәмелетке толмағандар, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері пайдаланады.
Сонымен қатар мұндай мүмкіндік шетел азаматтарының отбасы мүшелеріне, дипломатиялық қызмет өкілдерінің туыстарына, қарт адамдар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жақындарына күтім жасайтын адамдарға беріледі. Сондай-ақ шетелде ұсталған, қамауда отырған немесе жазасын өтеп жүрген Қазақстан азаматтары да паспорт рәсімдей алады.
Егер Қазақстанның шетелдегі мекемесі «Шетелдегі мекемелерге арналған халықты құжаттандыру және тіркеу» цифрлық жүйесіне қосылған болса, паспорт 40 жұмыс күні ішінде рәсімделеді. Ал аталған жүйеге қосылмаған жағдайда паспорт рәсімдеу мерзімі 90 күнтізбелік күнге дейін созылады.
Бейнебақылау жүйелерінің ұлттық стандарты
1 қыркүйектен бейнебақылау жүйелеріне қойылатын алғашқы ұлттық стандарт қолданысқа енгізіледі. Стандарт ғимараттар мен құрылыстарды жобалау, салу және реконструкциялау кезінде қолданылатын бейнебақылау жүйелеріне қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді. Құжат бейнекамераларды таңдау, орналастыру және пайдалану талаптарын біріздендіруге, сондай-ақ жабдықтардың өзара үйлесімділігін арттыруға бағытталған.
Алғаш рет ұлттық деңгейде бейнекамералардың қолданылу мақсатына қарай жіктелуі белгіленді. Олар сыртқы аумақтарды бақылауға, ғимараттар мен құрылыстардың ішкі үй-жайларын бақылауға, адамдарды анықтау мен сәйкестендіруге, көлік құралдарының мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілерін тануға, сондай-ақ басқарылатын бейнекамераларға арналған болып бөлінеді.
Сонымен қатар, стандартта бейнебақылау жүйелеріне қойылатын жүйелік талаптар бекітілген. Атап айтқанда, олар бейнемәліметтерді үздіксіз тіркеуді, беруді, өңдеуді және кемінде 30 тәулік сақтауды қамтамасыз етуі тиіс. Жүйелер өзара іс-қимылдың заманауи хаттамаларын қолдауы, ұлттық ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сай ақпаратты қорғауы, сондай-ақ тұлғаларды, көлік нөмірлерін тану және оқиғаларды тіркеуді қоса алғанда, зияткерлік бейнеталдауды қолдану мүмкіндігін қамтамасыз етуі қажет.
Үй кезегінде тұрғындарға арналған өзгерістер
1–7 қыркүйек аралығында үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған азаматтар өз ауданының аумағынан қолайлы жалдамалы тұрғын үйді өздері таңдап, оны алу үшін baspana.otbasybank.kz порталында өтініш бере алады. Өтініштерді қабылдау аяқталғаннан кейін Отбасы банк тұрғын үй алушылардың тізімін қалыптастырады. Тұрғын үйді бөлу кезінде есепке қойылған күні, отбасының соңғы алты айдағы табыс деңгейі, отбасы құрамы және өтініш берушінің әлеуметтік мәртебесі ескеріледі. Сонымен қатар, қағидаларда азаматтардың жекелеген санаттарына басымдық беру көзделген. Мемлекеттік тұрғын үйдің кемінде 20%-ы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға бөлінеді. Тағы кемінде 50%-ы әлеуметтік осал санаттарға жататын азаматтардың жекелеген топтарына қарастырылған.
Тағы бір өзгеріс кезекте тұрған азаматтарға берілетін тұрғын үйді айқындау шарттарына қатысты. Бұл норма 2026 жылғы 14 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі. Тұрғын үйдегі бөлмелер санын айқындау кезінде отбасы құрамы ескеріледі. Атап айтқанда, ерлі-зайыптылар мен ата-аналарға, сондай-ақ әртүрлі жыныстағы балаларға жеке бөлме беру талаптары қарастырылған. Алдағы уақытта бұл тәртіп тұрақты негізде қолданылады. Тиісті ауданның ауылдық елді мекендерінде қолжетімді жалдамалы тұрғын үй пайда болған сайын, тұрғын үйге мұқтаж ретінде тұрған азаматтар оны өздері таңдап, алуға өтініш бере алады.
Биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау талабы енгізіледі
Ертеңнен бастап елімізде биологиялық белсенді қоспаларды (ББҚ) міндетті цифрлық таңбалау талабы күшіне енеді. Көрсетілген күннен кейін өндірілген немесе Қазақстан аумағына әкелінген барлық өнім Data Matrix кодымен таңбалануы тиіс.
Мемлекет бұл шара ББҚ-ның нарықтағы айналымының ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз етуге, адал бизнесті жосықсыз бәсекеден қорғауға және заң бұзушылықтарды уақтылы анықтауға мүмкіндік береді деп күтеді. Таңбалаумен нарықтың жеткілікті бөлігі қамтылғаннан кейін сатып алушылар қаптамадағы Data Matrix кодын Naqty Onim қосымшасы арқылы сканерлеп, сатып алатын ББҚ-ның заңдылығын өз бетінше тексере алады. Бір таңбалау кодының ең жоғары құны ҚҚС-сыз 2,68 теңге болады.
Сыра өнімдері таңбаланады
Шыны бөтелкелердегі сыра мен сыра сусындарын міндетті цифрлық таңбалау да ертеңнен баста енгізіледі. Осы күннен кейін өндірілген немесе импортталған өнімнің әрқайсысында Data Matrix таңбалау коды болуы керек. Ал 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап металл банкалардағы сыра мен сыра сусындары да міндетті цифрлық таңбалауға көшеді.
Жаңа жүйе өнімнің өндірушіден немесе импорттаушыдан бастап бөлшек саудаға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді. Болашақта тауарды айналымға қатысушылар арасында беру кезінде құжаттарды электронды түрде рәсімдеу және растау арқылы өнімнің толық қадағалануы қамтамасыз етіледі.
Павлодар әуежайы жұмысын бастайды
1 қыркүйектен бастап Павлодар әуежайы жұмысын бастайды. Рейстер алдымен Алматы мен Астанаға орындалмақ.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, Астана бағытындағы әуе билеттерінің құны ары қарай да субсидияланады. Әзірге баға бұрынғыша 20 мың теңге көлемінде қалады. Бірақ өсуі де мүмкін.
- Ең әуелі Алматы мен Астана, сондай-ақ Шымкент пен Ақтау бағыттарын іске қосамыз. Бұдан бөлек, өзге өңірлермен, соның ішінде көршілес елдермен де қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Мәселен Ресейдің Новосібір қаласы. Бірақ бұл Ташкент - Павлодар — Новосібір және Новосібір - Павлодар - Ташкент түйіспелі (транзиттік) рейсі болады. Өзбекстан тарапымен келіссөздер соңғы кезеңде, Новосібір тарапы бұл ұшуды қолдап отыр, - деді ол.