«Заң мен тәртіп»: Петропавлда саяжайлар тексеріліп жатыр

/
«Заң мен тәртіп»: Петропавлда саяжайлар тексеріліп жатыр
polisia.kz

Саяжай маусымы аяқталуға жақын. Петропавл қаласында полицейлер Хромзауыт және Заречный кенті аумағындағы 31 бау-бақшаларда профилактикалық жұмыстар жүргізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл аумақта 3 мыңнан астам саяжай учаскесі орналасқан. Рейдтердің мақсаты – бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау. Полицейлер қоғам төрағаларымен кездесіп, байланыс деректерімен алмасты, күзет пен бейнебақылау камераларының бар-жоғын анықтады. Саяжай иелерімен сөйлесіп, қауіпсіздікке қатысты мәселелер мен ықтимал қауіптерді зерделеді, ұрлық пен интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша кеңестер берді.

Жұмысқа полицияның атты жасағы тартылып, дрондар мен квадроциклдер пайдаланылды. Мұндай тәсіл ауқымды, оның ішінде жетуі қиын аумақтарды бақылауға, рұқсат етілмеген қоқыс орындарын және қараусыз қалған учаскелерді анықтауға мүмкіндік береді.

Рейд барысында 31 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 8 адам қоғамдық орында мас күйінде болғаны үшін, 9 адам абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Саяжай қоғамдарының бірінің төрағасына рұқсат етілмеген қоқыс орнына байланысты ескерту жасалып, оны жоюға уақыт берілді.

Жұмыс “Заң мен тәртіп” қағидатын іске асыру және “Таза Қазақстан” экологиялық акциясы аясында жүргізілуде. Полицейлердің міндеті – жасалған құқық бұзушылықтарға ден қоюмен қатар, азаматтардың қауіпсіздігі мен мүлкінің сақталуына қауіп төндіруі мүмкін факторларды алдын ала анықтау.

Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты — Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары