Есірткі жарнамасын граффити арқылы таратқан Жетісу тұрғыны бас бостандығынан айырылды

/
Есірткі жарнамасын граффити арқылы таратқан Жетісу тұрғыны бас бостандығынан айырылды
istockphoto.com

Жетісу облысының Көксу аудандық соты қоғамдық орындарда тыйым салынған интернет-ресурстарды заңсыз жарнамалаумен айналысқан жергілікті тұрғынға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сот барысында сотталушы К. заңсыз бизнес ұйымдастырушыларымен алдын ала сөз байласып, тыйым салынған ақпаратты тарату жөніндегі қызметтерді атқаруға келіскені анықталды. Ол маркерлерді қолдана отырып, Балпық би ауылындағы қоршауларға, қақпаларға және электр беру желілерінің тіректеріне бақылаудағы интернет-ресурстардың сілтемелері бар граффити-жазуларын салып, соңынан кураторларға координаттар көрсетілген фотоесеп жіберген.

Халықтың денсаулығы мен қоғамдық имандылыққа қарсы жасалған қылмыстың ауырлығын, сондай-ақ істің мән-жайын ескере отырып, сот К.-ны 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сатысы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Үкім заңды күшіне енді.

Жетісу облысының прокуратурасы есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен олардың аналогтарын кез келген нысанда (граффити-жазулар, әлеуметтік желілердегі жазбалар және мессенджерлер арқылы) насихаттау немесе заңсыз жарнамалау ҚРҚК-нің 299-1-бабы (есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын және прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша ауыр қылмыс саналатынын және қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады. Есірткі қылмысының жолын кесу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – қадағалау органының басты басымдығы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары