Шымкентте сайлау күні 51 сәби дүниеге келді

/
Шымкентте сайлау күні 51 сәби дүниеге келді

Құрылтай сайлауы күні Шымкент қаласында 51 сәби дүниеге келді. Оның 26-сы – қыз бала, 25-сі – ұл бала. Сондай-ақ бір егіз дүниеге келді, деп хабарлайды turkystan.kz Шымкент қаласының Өңірлік Коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Қазір дүниеге келген сәбилер мен аналардың жағдайы жақсы. Ана мен балаға тиісті медициналық көмек көрсетіліп, дәрігерлер олардың денсаулығын жіті бақылауда ұстап отыр.

Айта кетейік, бүгін таңертеңнен бастап Шымкент қаласындағы перзентханаларда сайлауға қатысу мүмкіндігі ұйымдастырылды. Босанған және босануды күтіп жатқан аналар дауыс беру учаскелеріне барып, өз таңдауын жасады. Ал жүріп-тұруы қиын әйелдер үшін учаскелік комиссия мүшелері палаталарды аралап, дауыс беруге жағдай жасады.

Осылайша, перзентханада жатқан аналар да өздерінің азаматтық құқықтарын жүзеге асырып, ел болашағына қатысты таңдауын жасады.

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты төрт медициналық ұйымда босанушы әйелдер үшін дауыс беру мүмкіндігі ұйымдастырылды.

Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкент қаласында 14 388 сәби дүниеге келген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары