Алматы облысында ауыр жол апаты болды. Кроссовер жүргізушісі бірнеше көлікпен соқтығысып, кейін тротуардағы жаяу жүргіншілерді қағып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кадрлардан кроссовердің алдымен артқа қарай қозғалған автокөлікпен соқтығысқаны көрінеді. Одан кейін көлік тротуарға шығып кетіп, сол маңда жүрген адамдарды, соның ішінде велосипед мінгендерді қағады.
Соңында кроссовер жол кептелісінде тұрған тағы бір автокөлікпен соқтығысып барып тоқтаған.
Алматы облыстық Полиция департаменті аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Полиция қызметкерлері бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу шеңберінде қажетті бастапқы процессуалдық іс-шаралар жүргізілді. Жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", – деп мәлімдеді ведомство.
Қазір сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Полиция жол апатының барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу шаралары жүргізілетінін және оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданатынын жеткізді.