Түркістан облысы Сауран ауданында ғасыр жасаған кейуана Саржан Аблаева Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өзінің азаматтық таңдауын жасады. Жүз жасқа толған қарияның сайлау учаскесіне келіп, елдің саяси өміріндегі маңызды науқанға қатысуы көпшілікке үлгі боларлық өнеге болды. Ғасырлық ғұмырында талай тарихи кезеңді көрген ақжаулықты ана бүгінгі өзгерістердің ел болашағы үшін маңызы зор екенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Мен жүз жасқа келдім. Өмірімде талай заманды, талай өзгерісті көрдім. Елдің тыныштығы мен халықтың бірлігі – ең үлкен байлық. Бүгінгі сайлау да еліміздің ертеңі үшін маңызды деп ойлаймын. Сондықтан жасым үлкен болса да, елмен бірге болып, өз таңдауымды жасадым. Әр азамат өзінің дауыс беру құқығын пайдаланып, ел болашағына бейжай қарамауы керек. Бүгінгі жастардың мүмкіндігі мол. Олар білім алуға, еңбек етуге, кәсіп бастауға мүмкіндік алып отыр. Ең бастысы – елдің ынтымағы бұзылмасын. Қандай өзгеріс болса да, халықтың тұрмысына пайдасы тиіп, мемлекетіміздің қуатын арттыруы керек. Құрылтайға сайланған азаматтар елдің сөзін сөйлеп, халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін азаматтар болса екен деген тілегім бар», – деді Саржан Аблаев.
Айта кетейік, Сауран ауданында 42 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Аудан бойынша 53 310 сайлаушы дауыс беру құқығына ие.