Ақтөбе қаласында Құрылтай сайлауы ерекше әрі көтеріңкі көңіл-күйде өтіп жатыр. Бірқатар сайлау учаскесінде таңдау жасауға балалардың сүйікті ертегі кейіпкерлері де келді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәселен, №554 сайлау учаскесінде сайлаушыларды Губка Боб, Микки Маус және Смешарик кейіпкерлері қарсы алды. Түрлі-түсті костюм киген олар дауыс беріп қана қоймай, айналасындағыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
– Сайлау балабақшада өтіп жатқандықтан, біз де ерекше көңіл-күймен келдік. Балалардың сүйікті кейіпкерлері де сайлауға қатысып, таңдау жасауға келді! Балабақша болған соң, мұнда жай ғана келіп кетпей, өзімізбен бірге көтеріңкі көңіл-күй ала келуді жөн көрдік, – деді Микки Маустың костюмімен келген сайлаушы.
Ал №116 сайлау учаскесінде Тасбақа, Гринч, Жираф және Зебра костюмімен келген сайлаушылар таңдау жасады.
Ерекше образбен келген сайлаушылар өздерінің азаматтық таңдауының маңыздылығын атап өтті.
–Әрбір дауыс – ел болашағына деген жауапкершіліктің белгісі. Сондықтан бүгін мен де Құрылтай сайлауында өз дауысымды беруге келдім. Меніңше, маңызды сәтте отандастарымыз қапы қалмауы керек» – деді Тасбақа костюмімен келген сайлаушы.
– Құрылтайға ерекше костюммен келсем де, азаматтық ұстанымым айқын. Әр дауыс берекелі, таңдауымыз сәтті болсын! Ел болашағы үшін жасалған әрбір таңдау мәнді болып, ортақ мақсатымызға жол ашсын», – деді Зебра костюмімен келген сайлаушы.
Ерекше бастама сайлау күнінің сәнін келтіріп, жұртқа мерекелік көңіл-күй сыйлады. Ертегі кейіпкерлері бейнесіндегі сайлаушылар қандай образда болса да, азаматтық ұстанымның маңызы зор екенін және әрбір дауыстың ел болашағы үшін маңызды екенін көрсетті.