ТМД бақылаушылар миссиясы Қазақстанның 14 өңірінде және шетелдегі сайлау учаскелерінің басым бөлігінде жұмыс істеп жатыр. Бұл туралы миссия басшысы Игорь Петришенко Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Біз 3 тамыздан бері жұмыс істеп келеміз. Дайындық кезеңінде ұзақ мерзімді байқаушыларымыз жетіге жуық өңірге барды. Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясымен, учаскелік және аумақтық сайлау комиссияларымен белсенді жұмыс жүргіздік. Сайлауға қатысып, бюллетеньге енгізілген жеті саяси партияның барлығымен кездестік. Бүгін сайлау учаскелері ашылған сәттен бастап өкілдеріміз әр өңірдегі дауыс беруді ұйымдастыру барысын бақылап отырды. Учаскелік комиссия төрағаларының, хатшылары мен мүшелерінің жұмысы ұйымдасқан, жақсы жүргізіліп жатқанын атап өттік. Сондай-ақ сайлаушыларға, соның ішінде егде жастағы азаматтар мен жастарға, әсіресе алғаш рет дауыс беріп жатқандарға жылы қарым-қатынас көрсетіліп жатқанын байқадық», – деді спикер.
Ол жастардың дауыс беруге белсенді қатысып жатқанын да атап өтті.
«Сайлау учаскелеріне бірнеше буын өкілдерінің бірге келгенін көру қуантады. Әже-аталар өз азаматтық міндетін орындауға балаларымен, немерелерімен бірге келіп жатыр. Мұндай көріністерді біз сайлау учаскелерінің бірқатарынан байқадық. Бұл – Қазақстандағы берекелі әрі тату отбасыларға тән дәстүрлі әрі символдық құндылықтардың бірі. Маңыздысы, олар сайлау науқанына да отбасымен бірге белсенді қатысып, сонымен қатар өз таңдауын жеке жасайды және бюллетеньдегі белгілі бір партияға дауыс береді», – деді Игорь Петришенко.