Маңғыстауда Құрылтай депутаттарын сайлау белгіленген тәртіппен өтіп жатыр – Елубай Әбілов

/
Маңғыстауда Құрылтай депутаттарын сайлау белгіленген тәртіппен өтіп жатыр – Елубай Әбілов

Бүгін елімізде тұңғыш рет бірпалаталы Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Маңғыстау облысында дауыс беру таңғы сағат 07:00-де басталып, сайлау процесі белгіленген тәртіпке сәйкес ұйымдастырылуда, деп хабарлайды turkystan.kz.

Маңғыстау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Елубай Әбіловтің айтуынша, өңірде сайлауды өткізуге барлық қажетті жағдай жасалған.

– Бүгін елімізде тұңғыш рет бірпалаталы Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Бұл – ел тарихында есте қалатын маңызды саяси сәт. Маңғыстау облысында сайлауды ұйымдастыруға барлық қажетті жағдай жасалды. Комиссия мүшелері сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес жұмыс істеп, азаматтардың өз таңдауын еркін жүзеге асыруына мүмкіндік беріп отыр, – деді Елубай Әбілов.

Өңір бойынша 8 аумақтық және 267 учаскелік сайлау комиссиясында 1885 комиссия мүшесі жұмыс істеуде. Облыста 457 775 сайлаушы тіркелген.

Құрылтай сайлауы қарсаңында сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында Жаңаөзен қаласында – 1, Мұнайлы ауданында – 3, Түпқараған ауданында – 3, барлығы 7 жаңа сайлау учаскесі ашылып, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді.

Сайлау барысында азаматтардың дербес деректерін қорғауға ерекше мән беріліп отыр. Сайлаушылар тізімімен бірге арнайы трафареттер пайдаланылуда. Сонымен қатар азаматтардың тұрғылықты жері бойынша тіркелу деректерін анықтау үшін 224 учаскеде онлайн сервистер жұмыс істейді. Ал дауыс беру күні тіркеуде жоқ азаматтарды уақытша тіркеу үшін Ақтаудағы 5 және Жаңаөзендегі 1 учаскеде арнайы сервис іске қосылған.

Мүгедектігі бар 3422 сайлаушының дауыс беруіне де қажетті жағдай жасалған. Барлық учаскелерде арнайы кабиналар, пандустар, тактильді белгілер, құлақаспаптары, аудиожазбалар және Брайль қарпі бар трафареттер дайындалған.

Сайлау процесінің ашықтығын 7 саяси партияның сенім білдірілген өкілдері мен байқаушылары, Орталық сайлау комиссиясы аккредиттеген 13 және аумақтық сайлау комиссиясы аккредиттеген 7 қоғамдық бірлестіктің байқаушылары, сондай-ақ шетелдік байқаушылар бақылауда.

Осы уақытқа дейін заңбұзушылықтар мен арыз-шағымдар тіркелген жоқ. Дауыс беру кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар