Цифрландыру мен жасанды интеллект еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек – Тоқаев

/
Цифрландыру мен жасанды интеллект еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек – Тоқаев
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін сайлау учаскесіне барып, Құрылтай депутаттары дауыс берген соң бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Брифинг барысында Tengrinews тілшісі Айсұлтан Құлшыманов Мемлекет басшысының жасанды интеллектіні Қазақстанның жаңа экономикалық моделінің негізі деп атағанын, биыл жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланғанын тілге тиек етіп, межелі міндеттердің қаншалықты орындалып жатқанын, цифрландыру мен жасанды интеллектінің күнделікті өмірге әсеріне Президенттің қандай баға беретінін сұрады.

– Өте орынды сұрақ. Өйткені, 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллекті жылы деп жарияланды. Жолдауда осы тақырыпты қозғаймын. Біз цифрлық мемлекет құрудың, яғни цифрлық қызметтер ұсына алатын мемлекет болудың алғашқы кезеңінен өттік. Өзге елдермен салыстырғанда өміріміз әлдеқайда жеңілдеді. Мұны өздеріңіз де көріп, байқап жүрсіздер. Қазір көп шаруаны үйден шықпай-ақ шеше аласыздар. Бұрын мұның бәрін реттеуге уақыт жұмсап, табан тоздыруға тура келетін. Сондықтан цифрлық сервис көрсететін мемлекет ретінде қалыптасу қажет болды. Қазір келесі кезеңге қадам бастық. Үкіметке алғашқы сатыда қалып қоймай, халықаралық келіссөздер жүргізу жөнінде тапсырма бердім. Цифрландыру мен жасанды интеллект халыққа, еліміздің барша азаматына қызмет етуі керек. Қарапайым тілмен айтқанда, смартфон – ермек үшін ұстап, ертеден кешке дейін TikTok-қа телміретін құрал емес. Смартфонмен ақша табуға болады. Мәселені осылай төтесінен қойған жөн. Әсіресе, бұл шаруаларға керек. Олар ауыл-аймақтан шықпай-ақ кәсібін жүргізуге заманауи технологияны пайдалана алады. Алдағы уақытта Үкімет дәл осы міндетті орындайды, – деді Президент.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары