Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысып, өз таңдауын жасады. Өңір басшысы бүгінгі сайлаудың ел тарихындағы айрықша маңызы бар оқиға екенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бүгін – еліміз үшін айрықша әрі тарихи күн. Бірнеше ай бұрын өткен жалпыхалықтық референдумда біз жаңа Конституцияны қолдап, елдің болашағы мен келер ұрпақтың ертеңі үшін дауыс бердік. Бүгін Ата Заңда белгіленген саяси жаңғырулар нақты жүзеге асып, біз алғаш рет бір палаталы Құрылтай депутаттарын сайлап отырмыз. Құрылтай алдағы уақытта елдің заң шығару жүйесінде және азаматтардың мүддесін білдіруде маңызды рөл атқарады. Солтүстікқазақстандықтар қашанда белсенді азаматтық ұстанымымен, туған өлкенің тағдыры мен ел болашағына деген жауапкершілігімен ерекшеленіп келеді. Облыс тұрғындары бүгін де жоғары белсенділік танытып, елдің ертеңі үшін таңдау жасайды деп сенемін», - деді өңір басшысы.
Сайлау учаскесінде облыс әкімі алғаш рет дауыс беруге қатысқан Димашты да маңызды оқиғамен құттықтап, естелік ретінде жаңа Конституцияның бір данасын табыстады.
Жалпы бүгін Солтүстік Қазақстан облысында 543 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.