Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өңір басшысы облыс орталығындағы №951 сайлау учаскесіне барды. Дауыс беруге келген тұрғындар көп болғандықтан, әкім өзге сайлаушылармен бірге кезекке тұрып, белгіленген тәртіп бойынша дауыс берді.
Түркістан облысында таңғы сағат 07:00-де 952 сайлау учаскесі жұмысын бастады. Өңірде 1 204 659 азаматтың дауыс беру құқығы бар. Бұл — облыс халқының шамамен 56 пайызы.
Сайлау учаскелері дауыс беру жәшіктерімен, арнайы кабиналармен, қажетті техника және ақпараттық материалдармен жабдықталған.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауға қатысуына да жағдай жасалған. Түркістан облысында ерекше қажеттілігі бар 15 мыңға жуық адам тұрады. Оларға қызмет көрсету үшін 100-ден астам инватакси мен әлеуметтік такси, сондай-ақ қосымша 56 көлік жұмылдырылған. Бұдан бөлек, 200-ден астам сурдоаудармашы және 770 жеке көмекші жұмыс істеп жатыр.
Денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне бара алмайтын азаматтарға тұрған жерінде дауыс беру мүмкіндігі қарастырылған.