Халықаралық байқаушыларға және шетелдік БАҚ өкілдеріне қолғабыс көрсету орталығында ҰҚШҰ ПА бақылаушылары таңертең бірнеше сайлау учаскесіне барғанын айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Біз барған барлық учаскеде ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейде жүргізілгеніне көз жеткіздік. Дауыс беруді заң талаптарына сай өткізу үшін барлық қажетті жағдай жасалған және учаскелер тиісті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген», – деді Үйлестіруші, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасының қорғаныс жөніндегі комитетінің төрағасы Андрей Картаполов.
Ал Беларусь Республикасы Ұлттық жиналысы Өкілдер палатасының адам құқықтары, ұлттық қатынастар және бұқаралық ақпарат құралдары жөніндегі комиссиясының мүшесі Эдуард Северин қазақстандықтардың таңертеңнен бастап сайлау учаскелеріне барып жатқанын айтты.
«Бұл бүгін демалыс күні болғанына қарамастан, азаматтардың елдегі саяси үдерістер мен қоғамдық-саяси өмірге қызығушылық танытып отырғанын көрсетеді. Бүгінгі күн, бір жағынан, өзіндік емтихан болса, екінші жағынан, конституциялық реформалар, сайлау жүйесі мен Қазақстанның саяси жүйесіндегі өзгерістердің нәтижесін көрсететін күн. Осы тұрғыдан алғанда, енгізілген өзгерістер Қазақстанның одан әрі табысты, тиімді әрі тұрақты дамуына ықпал етеді деп айтуға болады», – деді спикер.
ҰҚШҰ ПА байқаушылары мүгедектігі бар жандар үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.