Ұлттық ұланның Павлодар қаласындағы әскери бөлімдердің мерзімді әскери қызметшілері Құрылтай сайлауына қатысып, таңдауларын жасады. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінде үш жүзге жуық сарбаз әскери бөлім аумағындағы орналасқан сайлау учаскелерінде дауыс берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мемлекеттің болашағын айқындап, елдегі саяси өмір үшін маңызды оқиға ат салысқан сарбаздар қатарында бүгінгі туған күн иесі қатардағы Аслан Багаутдинов та бар. Ұлттық ұлан сапына Қарағанды қаласынан шақыртылған мерзімді әскери қызметші таң алакеуімнен алғашқылардың бірі болып таңдауын жасады.
Құрылтай сайлауының менің туған күніммен тұспа-тұс келгені маған қуаныш сыйлайды.Мен бүгін жиырма бір жасқа толдым. Барлығы абыр-сабыр болып, құдды менің туған күнімді атап өтуге дайындалып жатқандай көрінеді. Сайлау учаскесіне шұбырып жүрген жұрт «Сен кімге дауыс бердің?» деп бір-бірінен қызыға сұрақ қойып, барлығы жаймашуақ көңіл күйде қол алысып жүр. Әрине ел үшін өзектілігі жоғары сәтте менде азаматтық ұстаным танытып, таңдауымды жасадым, - дейді қатардағы жауынгер.
Әскери бөлім басшылығы Павлодар қаласында Отан алдындағы борышын өткеріп жүрген туған күн иесіне алғысын білдіріп, сый-сыяпат ұсынды. Айта кетейік, әскери бөлімге мерзімді әскери қызметін атқарып жүрген сарбаздар Абай, Алматы, Қарағанды, Көкшетау және Шығыс Қазақстан облысынан шақырылғандар. Ел тағдыры таразыға түскен маңызды саяси науқанда «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы бойынша барлығы 6 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Оларға мерзімді әскери қызметшілермен қатар офицерлер мен сержанттар да қатысуда.