S&P Global Қазақстан рейтингін «BBB» деңгейіне көтерді

S&P Global Қазақстан рейтингін «BBB» деңгейіне көтерді

Халықаралық S&P Global Ratings агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейіне көтерді. Мұндай көрсеткішке Қазақстан соңғы рет 2016 жылы қол жеткізген, деп хабарлайды turkystan.kz.

S&P Global Ratings рейтингтің жоғарылауын Қазақстан экономикасының тұрақты өсу перспективаларымен және елдің сыртқы әрі фискалдық резервтерінің жеткілікті деңгейімен байланыстырады. Бұл факторлар ықтимал сыртқы және ішкі экономикалық күйзелістердің әсерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Агенттік болжамына сәйкес, Қазақстанның нақты жалпы ішкі өнімі 2026 жылы 5,1%-ға өседі. 2027–2029 жылдары экономикалық өсімнің 4–4,5% деңгейінде қалыптасуы күтіледі.

S&P құрылыс пен өңдеу өнеркәсібіндегі белсенділіктің артуын атап өтті. Сонымен бірге бюджет саясатын шоғырландыру, ірі мемлекеттік компаниялардың квазимемлекеттік қызметін қысқарту және макропруденциялық саясатты қатаңдату орта мерзімді кезеңде экономикалық өсім қарқынын бәсеңдетуі мүмкін.

Агенттік 2027-2029 жылдары Қазақстан экономикасының орташа өсімі шамамен 4% болады деп болжайды. Бұл көрсеткіш бірқатар шикізат экспорттаушы елдердің орташа деңгейінен жоғары.

S&P бағалауынша, алдағы төрт жылда Қазақстанның мемлекеттік өтімді активтері, оның ішінде мемлекеттік депозиттер мен Ұлттық қордың сыртқы өтімді активтері ЖІӨ-нің шамамен 21%-ы деңгейінде тұрақтайды.

Бюджет саясатына қатысты агенттік Қазақстандағы экономикалық өсім бюджет тапшылығын төмендету жөніндегі шараларды іске асыруға қолайлы жағдай қалыптастыратынын атап өтті. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында республикалық бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 1,2%-ын құрады.

S&P болжамына сәйкес, бюджет шаралары мен шикізат бағасының қолайлы деңгейі нәтижесінде 2026-,2029 жылдары мемлекеттік бюджет тапшылығы орта есеппен ЖІӨ-нің 1,2-1,3%-ын құрайды.

Сонымен қатар агенттік мұнай секторы Қазақстан экономикасының негізгі құрамдас бөлігі болып қала беретінін атап өтті. Мұнайдың үлесі елдің ЖІӨ-сінің шамамен 15%-ын, бюджет кірістерінің 30%-дан астамын және экспорттың жартысынан көбін құрайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары