Қазақстан Халық Кеңесі комитетінің салалық комиссияларының құрамы бекітілді

Қазақстан Халық Кеңесі комитетінің салалық комиссияларының құрамы бекітілді
Халық кеңесінің баспасөз қызметі

Бүгін Қазақстан Халық Кеңесі Қоғамдық келісім және жалпыұлттық бірлік комитетінің алғашқы отырысы өтті. Жиынды Комитет төрағасы Марат Әзілханов жүргізді. Онда Халық Кеңесі мүшелерін салалық комиссиялар құрамына бөлу мәселесі қаралды. Отырысқа Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары – Хатшылық басшысы Қанатбек Жайсанбаев қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиынды ашқан Марат Әзілханов Комитеттің ел алдында тұрған өзекті міндеттерді шешуге жәрдемдесу мақсатымен қоғамдық және сарапшылық әлеуетті біріктірудегі маңызды рөліне тоқталды. Бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізу үшін Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері салалық комиссияларға бөлінді. Аталған қадам мемлекет пен қоғам арасындағы диалогтың тиімді форматын қалыптастыруға бағытталған.

Жиын барысында бекітілген шешімге сәйкес, Мәдениет пен азаматтық бірегейлікті дамыту мәселелері жөніндегі салалық комиссияны Рауан Кенжеханұлы басқарды.

Жалпыұлттық бірлік мәселелері жөніндегі салалық комиссияның жетекшісі болып Наринэ Микаелян, ал Спорт және әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жөніндегі салалық комиссияның жетекшісі болып Ислам Байрамуков тағайындалды. Төртінші комиссия – Құқықтық мәдениет және медиация мәселелері жөніндегі салалық комиссияға Мәди Мырзағараев жетекшілік етті.

Комитеттің мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен және Кеңес хатшылығымен өзара іс-әрекетінің бағыттары мен тетіктері талқыланды. Негізгі назар қоғамдық ұсыныстарды салалық комиссиялар мен жұмыс топтарында тиісті сала мамандарын тарта отырып, сараптамалық бағалаудан өткізу арқылы олардың сапасы мен негізділігін арттыруға аударылды.

Талқылау барысында Комитеттің 2026–2027 жылдарға арналған жұмыс жоспарының жобасы қаралды. Құжат алдағы кезеңдегі жұмыстың негізгі бағыттарын айқындап, сараптамалық кездесулер, кең ауқымды қоғамдық талқылаулар және кеңейтілген отырыстар өткізуді көздейді. Бұл жоспарды нақты ұсыныстармен толықтырудың алғашқы қадамы Халық Кеңесі мүшелерінің ой-пікірлерінен басталды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ тілін дамыту арқылы жалпыұлттық бірлікті нығайтып, мемлекеттілікті күшейту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында Рауан Кенжеханұлы да өз ұсыныстарын ортаға салды.

«Қазақ әдебиетімен қатар, әлем әдебиетінің үздік туындыларын, соның ішінде Қазақстанда тұратын өзге этностардың әдеби және мәдени мұрасын қазақ тіліне аударып, кеңінен насихаттауға жағдай жасауымыз қажет. Мұндай жұмыс оқырманның дүниетанымын кеңейтіп, мемлекеттік тіл арқылы еліміздің сан алуан мәдени мұрасын тануға мүмкіндік береді», – деді ол.

Осы тақырыпты жалғастыра отырып, Ольга Спирина қазақ тілін ана тілі ретінде емес, екінші тіл ретінде оқытудағы кедергілерді еңсеруге бағытталған жобасын таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі мектеп бағдарламалары оқушылардың қазақ тілінде еркін сөйлеу дағдысын қалыптастыруға толық мүмкіндік бермейді.

Осыған байланысты ол әдіскерлер мен педагогтерден құралған жұмыс тобын құрып, қазақ тілін оқыту әдістемесін толық қайта қарауды, білім деңгейін бағалаудың нақты критерийлерін енгізуді және мұғалімдерге қажетті әдістемелік қолдау көрсетуді ұсынды.

Тіл мәселелерімен қатар, Ирина Соловьева мәдениет саласын жаңғырту қажеттігін айтып, заманауи технологиялар мен тікелей қарым-қатынас арқылы музейлерді жастар үшін қызықты әрі тартымды орынға айналдыруды ұсынды.

Ол мұндай жаңғыртудың негізгі тетігі ретінде меценаттықты дамыту мен бизнес өкілдерімен әлеуметтік әріптестікті нығайтуды атап өтті. Оның пікірінше, кәсіпкерлердің мәдениет саласына қолдау көрсетуі адам капиталын дамытуға тікелей ықпал ететін басым бағыттардың біріне айналуы тиіс.

Комитет отырысында атап өтілгендей, жинақталған ұсыныстар мен бастамалар салалық комиссияларда сараптамадан өтіп, Халық Кеңесі Бірінші сессиясының міндеттерін іске асыруға бағытталған нақты қадамдарға негіз болады.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары