Өскеменде 9 мыңға жуық бала сот орындаушылары арқылы алимент алады. 1 141 атқарушылық іс бойынша төлемдер берешекке айналған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қалада кәмелетке толмаған 8 899 баланың пайдасына алимент өндіру туралы барлығы 6 557 атқарушылық іс жүргізіліп жатыр. 1 141 атқарушылық іс бойынша алимент қарызының жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден асты.
Сонымен қатар алимент төлемейтіндердің төлем қабілетін тексеру қызықты нәтиже берді. Борышкерлердің арасында букмекерлік ұйымдарда тіркелген 214 адам анықталды. Енді прокуратура олардың алимент бойынша берешекті өтеуге нақты мүмкіндіктерін анықтап жатыр.
Алайда мәселе тек өз балаларына алимент төлемейтін ата-аналарға қатысты емес. Тексеру қарызды өндіру жұмыстарын жеке сот орындаушылары да әрдайым тиісті деңгейде қамтамасыз етпегенін көрсетті. Прокуратура 6 мыңнан астам атқарушылық істі зерделеді.
— Кейбір істер бойынша борышкерлердің табысы мен мүлкіне өндіріп алу шаралары қабылданбаған. Сондай-ақ белгіленген шектеулерді негізсіз алып тастау фактілері де анықталды. Прокурорлық ден қою шараларының нәтижесінде 13 жеке сот орындаушысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды, — деп хабарлады Өскемен прокуратурасы.
Сондай-ақ төлем жасамауын жұмыссыздықпен түсіндіретін борышкерлерге қатысты мәселе де жеке қарастырылып жатыр. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, борышкерлер үшін 19 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Алимент өндіру жұмыстарына сот орындаушылары, полиция, жұмыспен қамту органдары және басқа да мемлекеттік құрылымдар тартылған.
Алайда статистикада балаларға тиесілі қаражатты жылдар бойы ала алмай жүрген отбасылардың мәселесі тасада қалып отыр. Кейбір жағдайларда жиналып қалған берешек бірнеше миллион теңгеге жеткен.