Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері республика көлемінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзатын жүргізушілерді анықтау мақсатында “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шара барысында патрульдік полиция қызметкерлері 18 тамыз күні кешкі уақытта Қызылорда қаласының орталық көшелерінің бірінде Opel Vectra автокөлігін тоқтатқан. Тексеру барысында 58 жастағы жүргізушінің спирт ішімдігін ішкендігі анықталды.
Наркологиялық сараптама қорытындысына сәйкес оның орта дәрежедегі масаң күйде болғаны белгілі болды. Жүргізушіге қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, автокөлік айып тұрағына қойылды.
Полиция барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, алкогольдік ішімдік ішкен жағдайда көлік тізгініне отырмауға шақырады. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету – барша жол қозғалысына қатысушылардың ортақ міндеті. Әрбір жүргізуші жолдағы өз әрекеті үшін жауапты екенін есте сақтауы қажет.