«Таза Қазақстан»: Маңғыстауда 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды

/
«Таза Қазақстан»: Маңғыстауда 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды
polisia.kz

Маңғыстауда "Таза Қазақстан" акциясы аясында жыл басынан бері Маңғыстауда 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Маңғыстау облысында республикалық "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы аясында полиция қызметкерлері қоғамдық орындарды ластау, абаттандыру қағидаларын бұзу және қалдықтарды заңсыз төгу деректерінің алдын алу және анықтау бойынша жүйелі түрде рейдтік іс-шаралар жүргізуде.

Жыл басынан бері өңірдің қалалары мен елдімекендерінде, халық көп жиналатын демалыс орындары мен табиғи аумақтарда 930 рейдтік іс-шара өткізілді. Рейдтер нәтижесінде полиция қызметкерлері 7 484 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады.

Оның ішінде 7 352 дерек қалалар мен елдімекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзуға, тағы 135 дерек ортақ пайдаланылатын орындарды ластауға қатысты. Сонымен қатар полиция қызметкерлері қалдықтар заңсыз жиналған екі орынды анықтады. Оларды жою үшін тиісті ақпарат уәкілетті және жергілікті атқарушы органдарға жолданды.

Полиция Каспий теңізінің жағалауына, туристік бағыттар мен танымал демалыс орындарына ерекше назар аударуда. Себебі келушілер санының артуына байланысты бұл аумақтардың ластану қаупі де жоғарылайды. Мұндай учаскелерде рейдтік іс-шаралар жалғасуда.

Сонымен қатар табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері экологиялық заңнаманың өзге де бұзушылықтарының жолын кесуде. Осы жылдың жеті айында 534 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заңсыз аң аулау, балық аулау қағидаларын бұзу, сондай-ақ сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар түрлерін заңсыз пайдалану деректері анықталды.

Полицияның бұл жұмысы өңірде жүргізіліп жатқан ауқымды экологиялық шаралардың бір бөлігі болып табылады. Жыл басынан бері Маңғыстау облысында "Таза Қазақстан" іс-шараларына 115 мыңнан астам адам қатысып, 10 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Полиция табиғи аумақтардың тазалығы тек өткізілген рейдтерге, салынған айыппұлдарға немесе ұйымдастырылған сенбіліктерге ғана байланысты емес екенін еске салады. Маңғыстаудың бірегей табиғатын сақтау жауапкершілігі өңірдің әрбір тұрғыны мен қонағына жүктеледі.

Полиция азаматтарды демалыстан кейін қоқыс қалдырмауға, абаттандыру қағидаларын сақтауға және қоршаған ортаны ластау деректері анықталған жағдайда полицияға хабарлауға шақырады.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары