Астанада көші-қон заңнамасын сақтауға қатысты рейд күшейтілді

/
Астанада көші-қон заңнамасын сақтауға қатысты рейд күшейтілді
polisia.kz

Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және жолын кесуге бағытталған республикалық "Құқықтық тәртіп" жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полиция қызметкерлері 500-ден астам түрлі құқық бұзушылықты анықтады. Олардың ішінде ең көп кездесетіндері — көші-қон заңнамасы талаптарын, жол қозғалысы ережелерін, қоғамдық тәртіпті, абаттандыру қағидаларын сақтамау, сондай-ақ қоғамдық орындарды ластау және басқа да құқық бұзушылықтар.

Атап айтқанда, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрып жатқан азаматтарға қатысты 200-ден астам факт анықталды. 80-нен астам адам қоғамдық орындарда мас күйінде болған. 60-қа жуық факт кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерде болуына байланысты тіркелді.

Сонымен қатар жаяу жүргіншілерге жол бермеуге байланысты 50-ге жуық жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды. Алкоголь өнімдерін өткізу саласындағы заңнама талаптарының сақталуына да ерекше назар аударылды. Осы бағытта 7 құқық бұзушылық тіркелді. Мәселен, Сарыарқа ауданында полиция қызметкерлері азық-түлік дүкендерінің бірінде 21 жасқа толмаған адамға алкоголь өнімін сату фактісінің жолын кесті. Сауда нысанының иесі заң аясында жауапқа тартылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары