Абай облысында абақтыда отырған азамат алғашқы махаббатымен некесін қиды

/
Абай облысында абақтыда отырған азамат алғашқы махаббатымен некесін қиды
polisia.kz

Абай облысы бойынша ҚАЖ жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде 28 жастағы сотталған азамат өзінің сүйіктісімен некесін қиды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ерлі-зайыптылар үшін бұл күн өмірлерінің жаңа кезеңінің бастауы әрі шынайы сезімдердің қашықтық пен өмір сынақтарын еңсере алатынының символы болды.

Неке қию рәсімін АХАТ қызметкері Қазақстан Республикасының “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Кодексінің талаптарына сәйкес өткізді. Салтанатты рәсім мекеме аумағында осы маңызды оқиғаға тән дәстүрлер сақтала отырып ұйымдастырылды.

Шығыс Қазақстан облысының 28 жастағы тұрғыны мекемеде жазасын өтеу барысында ол мектеп кезінен бері сезімдері сақталған әйелмен қарым-қатынасын ресми түрде заңдастыру ниеті бар екенін қызметкерлерге жеткізген.

– Біздің тарихымыз мектеп кезінен басталды. Бала кезімізде дос болдық, есейе келе бір-бірімізге деген сезіміміз бар екенін түсіндік. Алайда өмір бізді екі жаққа айырды – ол басқа қалаға көшіп кетті, бірнеше жыл бойы араласпадық. Кейін әрқайсымыздың өз өміріміз қалыптасты. Ол тұрмысқа шықты, мен әртүрлі жұмыстар істедім. Бір күні ескі танысыммен кездейсоқ кездесіп қалдым. Кездескенімізді атап өту үшін ішімдік іштік, кейін арамызда жанжал туындап, арты төбелеске ұласты. Соның салдарынан мен оған ауыр зиян келтіріп, бас бостандығынан айырылдым.

Осы жерде, мекемеде жүргенде, таныстарымнан оның ажырасып кеткенін білдім. Байланыс нөмірін тауып, өзіне қоңырау шалуды шештім. Кейін ол маған кездесуге келді. Біз бір-бірімізге деген сезіміміздің әлі де сақталғанын түсіндік. Алдымда әлі бірнеше жыл осы жерде болатыныма қарамастан, үйленіп, бірге жаңа өмірге қадам басуға шешім қабылдадық. Бүгін мен өзімді ерекше бақытты сезінемін, себебі мекемеде жазамды өтеп жүрсем де, отбасы құра алдым. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік әрі болашаққа деген үміт. Қарым-қатынасымызды сақтап, бостандыққа шыққаннан кейін отбасылық өмірімізді еркіндікте бастау үшін бар күшімді салғым келеді, – деді сотталған азамат.

– Мекемеде неке қию рәсімі заңнама талаптарына сәйкес жүргізіледі және жалпы тәртібі бойынша әдеттегі неке қию рәсімінен ерекшеленбейді. Бір ғана ерекшелігі – болашақ жұбайы мекемеге келіп, неке қию рәсімін өткізуге жазбаша келісімін беруі қажет. Осыдан кейін мекеме қызметкерлері тиісті өтінішті АХАТ органына жолдайды, ал неке қию рәсімі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесінде тікелей өткізіледі, – деді мекеме бастығының орынбасары Нурболат Сапаргалиев.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары