Шығыс Қазақстан облысында көші-қон қызметінің мамандары шетел азаматтығын алғаны туралы тиісті органдарға хабарламай, Қазақстан Республикасының құжаттарын пайдалануды жалғастырған азаматтарды анықтау жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жыл басынан бері өңірде 550-ден астам адамның Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқаны тіркелген. Олардың басым бөлігі басқа мемлекеттердің азаматтығын алған.
Сонымен қатар кейбір азаматтар елге кіру және Қазақстан аумағында болу кезінде әлеуметтік, зейнетақы және өзге де мемлекеттік жеңілдіктерді пайдалану мақсатында қазақстандық құжаттарды қолдануды жалғастырған.
Азаматтық саласындағы заңнама талаптарын бұзғаны үшін 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 26 азамат шетел азаматтығын алғаны туралы белгіленген мерзімде хабарламаған.
Ал 9 азамат Қазақстан Республикасының паспорты немесе жеке куәлігін пайдалануды жалғастырған. Осындай фактілердің бірі облыс орталығында анықталды.
Көші-қон қызметінің қызметкерлері 64 жастағы әйелдің басқа мемлекеттің азаматтығын алғанына қарамастан, бұл туралы уақтылы хабарламағанын және Қазақстан Республикасының құжаттарын пайдаланғанын анықтады. Тексеру нәтижесінде оның қазақстандық құжаттары тәркіленіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқаны тіркелді.
Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті азаматтық саласындағы заңнама талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, басқа мемлекеттің азаматтығын алған жағдайда бұл туралы көші-қон қызметіне белгіленген мерзімде хабарлап, Қазақстан Республикасының паспорты мен жеке куәлігін тапсыру қажет. Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа жол берілмейді.