Бас мүфти: Отбасы адам өзін ең қауіпсіз сезінетін мекен болуы керек

/
Бас мүфти: Отбасы адам өзін ең қауіпсіз сезінетін мекен болуы керек
ҚМДБ

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты пікір білдіріп, ер азаматтарды әйелге күш көрсетпеуге шақырды. Бас мүфти әйелді жылату азаматтыққа жатпайтынын айтып, ер азаматтарды ашуға бой алдырмай, отбасына сүйеніш болуға үндеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Әйелге қол көтеру – ерлік емес. Қоғамда болып жатқан кейбір оқиғаларды естігенде жүрегің ауырады. Әсіресе отбасының ішінде әйел адамның жәбір көріп, қорлыққа ұшырауы жанға батады.

Әйел – бір шаңырақтың шырағы. Біреудің аялап өсірген қызы, біреудің асыл анасы, біреудің сүйікті жары. Ол жаңа түскен шаңырағына қорғаныш пен жылулық іздеп келеді. Сондықтан ер азаматтың міндеті – оған қорқыныш емес, қамқорлық сыйлау.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ең жақсыларың – отбасына жақсы болғандарың» деген. Осы бір өсиеттің өзінде үлкен мән бар.

Ер адамның күші жұдырығында емес. Нағыз күш – ашуға ерік бермей, сабыр сақтай білуде. Жаныңдағы жанды жылатпай, керісінше оған сүйеніш болуда.

Ашу басылады. Ұрыс та ұмытылады. Бірақ ашумен көтерілген қол мен айтылған ауыр сөз адамның жүрегінде ұзақ уақытқа із қалдыруы мүмкін. Кейде сол бір сәттік ашудың өкініші өмір бойына жетеді.

Отбасы – адам өзін ең қауіпсіз сезінетін мекен болуы керек. Әйел өз үйінде қорқып емес, қадірленіп өмір сүруге тиіс

Қыз баласын аялап өсіріп, ақ босағадан үлкен үмітпен шығарып салған әрбір әке мен ананың тілегі біреу – «Барған жерінде бақытты болсын». Сол аманатқа қиянат жасамайық.

Әйелді жылату – азаматтық емес. Әйелге қорған болу – ердің міндеті», – деп жазды Бас мүфти.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары