Павлодар облысында сотталғанға шайдың ішіне жасырылған телефонды жеткізу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
“Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында мекеме қызметкерлері 6679 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен бірлесіп, сотталған адамға арналған сәлемдемені тексеру кезінде тыйым салынған затты анықтады.
Шай өнімдерінің арасынан қара түсті, жұмыс істеп тұрған телефон жасырылғаны анықталып, тәркіленді.
Аталған факті бойынша сәлемдемені жеткізген азаматшаға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Қазіргі уақытта әкімшілік материал сотқа жолдау үшін дайындалуда.
Тыйым салынған затты анықтау фактісі қызметкерлердің жеке бейнетіркегішіне жазылды.
— Мұндай тыйым салынған заттарды жеткізу әрекеттерінің жолы жүйелі профилактикалық жұмыстар мен жеке құрамның қырағылығының арқасында дер кезінде кесіледі. Әрбір сәлемдеме оның сыртқы түрі мен мазмұнына қарамастан мұқият тексеріледі. Тіпті қарапайым шай қаптамасының өзі тыйым салынған затты жасыру тәсілі болуы мүмкін, — деп атап өтті №46 мекеме.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖ департаменті түзеу мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттарды жеткізуге әрекет жасау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.