Әйгілі футболшы Роберто Карлос ислам дінін қабылдады – БАҚ

/
Әйгілі футболшы Роберто Карлос ислам дінін қабылдады – БАҚ
сурет: championat.com

Мадридтік «Реал» мен Бразилия құрамасының бұрынғы қорғаушысы Роберто Карлос ислам дінін қабылдады деген ақпарат тарады. Бұл туралы Түркия парламентінің депутаты Али Шахин Бразилиядағы мұсылман қауымының өкілі Жиһад Хаммадеге сілтеме жасап хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Али Шахин Сан-Паулуда Бразилияның мұсылман қауымы өкілдерімен кездескен. Оның айтуынша, Жиһад Хаммаде Роберто Карлоспен ұзақ уақыт бойы байланыста болғанын және футболшының шамамен төрт апта бұрын өзіне келгенін айтқан.

«Жиһад Хаммаде әлем және Бразилия футболының аңыздарының бірі, кезінде “Фенербахче” сапында ойнаған Роберто Карлостың төрт апта бұрын өзіне келіп, кәлима айтып, исламды қабылдағанын жеткізді», – деп жазды түрік депутаты.

Әзірге Роберто Карлостың өзі бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Сондықтан оның дінін ауыстырғаны туралы мәлімет тәуелсіз дереккөздер арқылы толық расталған жоқ.

Әлем футболының үздік қорғаушыларының бірі

53 жастағы Роберто Карлос футбол тарихындағы ең танымал сол жақ қорғаушылардың бірі саналады. Ол 1996–2007 жылдары мадридтік «Реал» сапында өнер көрсетті.

Испаниялық клубтың ресми дерегіне сәйкес, бразилиялық футболшы «Реал» құрамында 527 матч өткізіп, 68 гол соққан. Командамен бірге үш рет Чемпиондар лигасын, төрт рет Испания чемпионатын жеңіп алды.

Роберто Карлос Бразилия құрамасының сапында 2002 жылғы әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ 1997 және 1999 жылдары Америка кубогын жеңіп алған.

«Реалдан» кеткеннен кейін ол Түркияның «Фенербахче», Бразилияның «Коринтианс», Ресейдің «Анжи» және Үндістанның «Дели Дайнамос» клубтарында ойнады. Футболшы кәсіби мансабын 2015 жылы аяқтады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары