Солтүстік Қазақстанда зейнеткерлерге арналған чаттар құрылды

/
Солтүстік Қазақстанда зейнеткерлерге арналған чаттар құрылды
polisia.kz

Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер интернет-алаяқтықтың алдын алу және тұрғындардың киберқауіпсіздік жөніндегі сауаттылығын арттыру мақсатында WhatsApp мессенджерінде үш арнайы топ құрды. Олардың бірі зейнеткерлерге, екіншісі білім беру, үшіншісі денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арналған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Топ мүшелеріне күн сайын интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері мен сақтану жолдары туралы ақпарат, сондай-ақ киберқылмыскерлердің арбауына түспеуге көмектесетін пайдалы кеңестер жіберіледі.

Чаттардың тағы бір артықшылығы – тұрғындар кез келген уақытта өздерін алаңдатқан мәселелер бойынша сұрақ қойып, мамандардан кеңес ала алады. Топ құрамында полиция, прокуратура және мемлекеттік органдардың қызметкерлері бар. Олар азаматтарға күмәнді жағдайларды бағалауға және алаяқтық әрекеттердің алдын алуға көмектеседі.

Полиция қызметкерлері профилактикалық кездесулер барысында тұрғындарға арнайы топтарға қосылуға мүмкіндік беретін QR-кодтарды таратады. Осындай жұмыс Петропавл қаласындағы Сәтбаев көшесінде өткен бірыңғай профилактика күні аясындағы іс-шара кезінде де ұйымдастырылды.

Іс-шараға полицияның барлық бөлімшелері жұмылдырылып, профилактикалық есепте тұрған азаматтардың тұрғылықты жерлері тексерілді. Сонымен қатар тұрғындармен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерге ерекше назар аударылды.

Тәртіп сақшылары егде жастағы қала тұрғындарына зейнеткерлерге арналған чатқа қосылуды ұсынды. Полицияның пікірінше, профилактикалық жұмыстың бұл форматы қарттардың алаяқтық схемалары туралы хабардарлығын арттырып, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға дер кезінде мән беруге мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстың өзектілігі де жоғары. Қашықтан жасалатын алаяқтық қылмыстарының құрбандарының әрбір төртіншісі – зейнеткер. Жыл басынан бері интернет-алаяқтықтан 363 адам зардап шексе, олардың 88-і – зейнет жасындағы азаматтар.

Қазіргі уақытта арнайы чаттарға шамамен 400 зейнеткер, 500 медицина қызметкері және 300 педагог қосылған. Полиция азаматтарды бейтаныс адамдардың қоңыраулары мен хабарламаларына сақтықпен қарауға, банк картасының деректері мен SMS-кодтарды ешкімге бермеуге және күмәнді сілтемелерге өтпеуге шақырады.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары