Астанада ойын алаңында бес жасар баланы тоқ соқты

/
Астанада ойын алаңында бес жасар баланы тоқ соқты
istockphoto.com

Елордадағы тұрғын үй кешендерінің біріндегі ойын алаңында бес жасар баланы тоқ соғып, бала ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

А 105 көшесіндегі №11 үйдің тұрғындарының айтуынша, олар бұған дейін ойын алаңының маңынан өтетін қауіпті кабель туралы құрылысшыларға бірнеше рет хабарлаған. Тұрғындардың мәлімдеуінше, сымның үсті топырақпен көмілгенімен, мәселе толық шешілмеген. Баланың ата-анасы да кабельдің бір жері жалаңаш жатқанын жеткізді.

Оқиғадан кейін электр кабелі тоқтан ажыратылып, мөрленді. Баланың туыстарының айтуынша, кабельдің бір бөлігі сараптамаға жіберілген.

«2026 жылғы 16 тамызда бала жансақтау бөліміне түсті. Жағдайы ауыр, бірақ тұрақты деп бағаланады. Бүгін бала әрі қарай ем алу және бақылауда болу үшін бейінді бөлімшеге ауыстырылды. Балаға барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», — деп хабарлады Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 306-бабы — «Тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету» бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Оқиғаның мән-жайы мен балалар алаңы аумағында қауіпті кабельдің не себепті болғаны анықталып жатыр.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары