Екібастұзда қоғамдық тәртіпті бұзған ер адам полиция бөлімшесінде көз жұмды

/
Екібастұзда қоғамдық тәртіпті бұзған ер адам полиция бөлімшесінде көз жұмды
istockphoto.com

Павлодар облысының Солнечный кентінде тұратын 37 жастағы ер адам қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін полиция бөліміне жеткізілгеннен кейін қайтыс болды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, бейнебақылау камераларындағы жазбалар тәркіленді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 11 тамыз күні Екібастұз қаласында болған. Полицияға тұрғын үйдің ауласында мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзып, алдын ала мәлімет бойынша әйелге күш қолданамын деп қорқытқан ер адам туралы хабар түскен.

Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ер адамды ұстап, полиция бөліміне жеткізген. Павлодар облысы Полиция департаментінің мәліметінше, ол бұған дейін сотталған және бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Тәртіп бұзушы арнайы бөлмеге орналастырылған. Біраз уақыттан кейін ол сол жерден ес-түссіз күйде табылған. Көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, ер адам қайтыс болды.

Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, ер адам полиция бөліміне жеткізілгеннен кейін шамамен жарты сағаттан соң кезекші оның анасына қоңырау шалып, келуін сұраған. Әлеуметтік желілерде де ес-түссіз жатқан ер адам түсірілгені айтылған бейнежазба тарады.

Полиция қызметкерлері оқиғаға байланысты бейнежазбалардың тәркіленгенін хабарлады.

«Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері бұзақыны ұстап, полиция бөліміне жеткізді. Анықталғандай, ер адам бұған дейін сотталған және бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Тәртіп бұзушы арнайы бөлмеге орналастырылды, онда біраз уақыттан кейін ол ес-түссіз күйде табылды. Медициналық көмек көрсетілгеніне қарамастан, ер адам қайтыс болды. Бейнежазбалар тәркіленді», – делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары