«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабы Алматы облысында кино, музыка, медиа және креативті бизнес өкілдерімен кездесті. Жиын Dala Edge креативті-технологиялық паркінде өтіп, оған индустрияның 100-ден астам өкілі қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Талқылау басталмас бұрын партия төрағасы Айбек Дәдебай шамамен 20 гектар аумақты алып жатқан кешеннің инфрақұрылымымен танысты. Мұнда New York Film Academy кампусы дамып, павильондары бар Dala Stage түсірілім кешені салынып жатыр. Алдағы уақытта мұнда Джеки Чанның қатысуымен халықаралық «Құдайлар сауыт-сайманы 4» жобасын түсіру жоспарланып отыр. Кешен құрамына Dala Avenue бизнес алаңы мен 10 мың студентке арналған жаңа университет кампусы да кіреді.
Партия төрағасы Айбек Дәдебай креативті индустрияларды дамыту Мемлекет басшысының стратегиялық бағытына сай екенін атап өтті. Бірнеше жыл бұрын Президенттің тапсырмасымен «DARA» Президент бастамалары қоры арқылы байқау ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша қазақстандық 20-ға жуық азамат АҚШ-тағы New York Film Academy-ге (NYFA) оқуға жіберілді. Бүгінде академияның кампусы Алматыда жұмыс істеп тұр.
«Мұндай академияның Қазақстанда филиалы ашылуы бізге үлкен мүмкіндік береді. Бұл – жастарды дамыту ғана емес, креативті индустрия өнімдерін экспорттаудың да орасан зор әлеуеті. Президенттің тапсырмасымен 17 өңір мен үш мегаполисте 20 креативті хаб ашылды. Біз бұл жұмысты қолдауды жалғастырамыз. Партия өз бағдарламасында үш жыл ішінде елдің жалпы ішкі өніміндегі креативті экономиканың үлесін 3 пайызға жеткізуді мақсат етіп отыр», - деді Айбек Дәдебай.

Оның айтуынша, бұл мақсатқа жету үшін саланы дамытуға қажетті заңнамалық және экономикалық жағдай жасап, Мемлекет басшысының бастамаларын іс жүзінде жүзеге асыруды жалғастыру қажет.
Dala Edge Creative Tech Park тең құрылтайшысы Данат Жұмин креативті экономиканы жүйелі түрде дамыту мәселесінің «Әділет» партиясы сайлауалды бағдарламасына енгізілуі сала үшін маңызды екенінатап өтті. Оның айтуынша, креативті қоғамдастық өкілдері кездесуге бар мәселелерді талқылау үшін ғана емес, партияға нақты ұсыныстарын жеткізу үшін жиналған.

Salem Entertainment бас продюсері Орынбасар Құдайбергенов Қазақстанда рибейт механизмін – фильмдерін елімізде түсіретін шетелдік кинокомпаниялардың шығындарының бір бөлігін қайтару тетігін енгізуді ұсынды.
Tolqyn Film Fund бас директоры Ернар Құрмашев кино билеттерін есепке алудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесін құру бастамасын көтерді. Сондай-ақ ол аудиовизуалды туындыларға құқықтардың цифрлық тізімін құрып, пираттық контентті сотқа дейін жедел бұғаттау тетігін енгізуді сұрады.

Cubic студиясының продюсері Анна Расщепко креативті индустрия өкілдеріне түсетін салық жүктемесі мәселесін көтерді.
Музыкалық продюсер Ерболат Беделхан саланың құқықтық мәртебесін, қолдау тетіктерін, зияткерлік меншік және экспорт мәселелерін бір жүйеге келтіретін «Креативті экономика туралы» жеке заң әзірлеуді ұсынды.

Қазақстанның Креативті индустриялар альянсының президенті Давид Туганов болса салық салу, білім беру және экспорт салаларындағы шешімдерді үйлестіру үшін креативті индустрияларды дамыту жөніндегі ведомствоаралық кеңес құру керегін айтты. Сондай-ақ ол сала өкілдерін 23 тамыздағы сайлауда партияны қолдауға шақырды. Бұған дейін Креативті индустриялар альянсы «Әділет» партиясын қолдайтынын білдірген.
Креативті қоғамдастық өкілдері мен «Әділет» партиясы бірлескен сараптамалық жұмысты жалғастыруға уағдаласты.