13 тамызда Қазақстанның орман қоры аумағында 8 орман өрті тіркелді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өрттің екеуі Шығыс Қазақстан облысында, екеуі Қостанай облысында, біреуі Қарағанды облысында шыққан. Сонымен қатар Көкшетау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағында бір-бірден өрт анықталды.
Мамандардың мәліметінше, өрт ошақтары әуе патрульдеуі, ерте анықтау жүйелері және мемлекеттік орман күзетінің тұрақты бақылауы арқылы уақытылы белгілі болған.
Өртті ауыздықтауға мемлекеттік орман күзетінің қызметкерлері, «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің әуе өрт сөндіру десанттары, тікұшақтары мен арнайы техникалары және басқа да күштер жұмылдырылды.
Жедел жүргізілген жұмыстардың арқасында жалынның елді мекендерге және орман алқаптарына таралуына жол берілмеді. Қазір мамандар өрт ошақтарын оқшаулап, толық сөндіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ахуал бақылауда.