ҚХП кандидаттары Шымкентте емхана дәрігерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады

/
ҚХП кандидаттары Шымкентте емхана дәрігерлерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдады
Қазақстан Халық партиясы

Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Шымкенттегі №2 қалалық аурухананың медицина қызметкерлерімен кездесті. Кездесуде денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері, медицина мамандарының әлеуметтік жағдайы және олардың мәртебесін арттыру жолдары талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кездесу барысында Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасындағы денсаулық сақтау саласына қатысты негізгі басымдықтар таныстырылды. ҚХП өкілдері медицина қызметкерлерін қолдау, кадрлық әлеуетті дамыту және медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағыттарына тоқталды.

Қазақстан Халық партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат, медицина ғылымдарының докторы, ҚР денсаулық сақтау экс-вице-министрі Ләззат Ақтаева партияның денсаулық сақтау саласына қатысты ұсыныстарын таныстырды. Ол ОСДП бағдарламасында медицина саласының қазіргі жағдайына қатысты нақты ұсыныстар жеткіліксіз екенін айтты.

Ләззат Ақтаеваның айтуынша, Қазақстан Халық партиясы денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелерді нақты тетіктер арқылы шешуді ұсынады. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығын арттыру, медицина қызметкерлерін қолдау және кадрлық әлеуетті дамыту мәселелері қарастырылған.

Сонымен қатар ҚХП жас мамандарға қызметтік тұрғын үй ұсыну және жеңілдетілген ипотека тетіктерін енгізуді ұсынады. Партияның сайлауалды бағдарламасында медициналық қызметтерді цифрландыру және жасанды интеллект негізіндегі жүйелерді дамыту мәселесі де қамтылған.

Қазақстан Халық партиясының өкілдері мұндай цифрлық шешімдер дәрігерлердің қағазбастылық пен артық есептілігін азайтып, негізгі міндетіне — пациенттерге медициналық көмек көрсетуге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді деп санайды.

Кездесу барысында медицина қызметкерлері өздерін толғандырған мәселелерін көтеріп, ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды. ҚХП кандидаттары қойылған сұрақтарға жауап беріп, денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді алдағы заңнамалық жұмыста ескерудің маңызын атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар