Семейде өткен мерекелік концерт барысында Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері алты жасар қызға анасын табуға көмектесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Республика алаңындағы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына арналған іс-шараға қала тұрғындары мен қонақтарын қоса алғанда, шамамен 12 мың адам қатысты.
Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шараға «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері жұмылдырылды. Адамдардың көп жиналуына байланысты қызмет күшейтілген режимде атқарылды.
Шамамен сағат 20:30-да «102» пультіне алты жасар қыздың жоғалып кеткені туралы хабарлама түсті. Әскери қызметкерлер бірден іздестіру жұмыстарына кірісті.
Алаңды патрульдеу барысында кіші сержант Мақсат Талғатов көпшіліктің арасынан жылап тұрған қызды байқайды. Бала жан-жағына абдырай қарап, анасын таба алмай тұрған.
Әскери қызметкер қызға жақындап, онымен тілдесіп, жағдайды әскери жасақтар бойынша кезекшіге баяндайды. Қыздың анасын іздеуге қатардағы жауынгер Ғани Дүйсенбин де қосылды.
Көп ұзамай әскери қызметкерлер әйелді тауып, қызын аман-есен анасына табыстады.
Ұландықтардың қырағылығы мен жедел әрекетінің арқасында кішкентай қыз көп ұзамай анасының жанында болды.