Павлодар полицейлері отбасылық жанжалға қатысты 2,8 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарды

/
Павлодар полицейлері отбасылық жанжалға қатысты 2,8 мыңнан астам қорғау нұсқамасын шығарды
polisia.kz

Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар адамның өмірі мен денсаулығына, ар-намысы мен қадір-қасиетіне, жеке басының бостандығына, сондай-ақ отбасы мүшелері мен жақын туыстар арасындағы қоғамдық қатынастарға зиян келтіреді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алу және әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа жол бермеу мақсатында Павлодар облысының полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.

Полицияның мәліметінше, отбасылық-тұрмыстық салада құқық бұзушылық жасаған адамдарға қатысты жеке профилактикалық шаралар қабылданады. Солардың бірі – қорғау нұсқамасын шығару. Жыл басынан бері осындай 2880 қорғау нұсқамасы шығарылған.

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың тағы бір тиімді тетігі – құқық бұзушының мінез-құлқына сот арқылы ерекше талаптар белгілеу.

Полицияның өтінішхаттары негізінде соттар 852 құқық бұзушыға қатысты осындай талап қойған. Оның ішінде 842 отбасылық жанжал шығарушыға алкогольдік ішімдіктерді тұтынуға тыйым салынған. Полиция өкілдерінің айтуынша, отбасылық жанжалдардың негізгі себептерінің бірі – алкогольді шамадан тыс тұтыну. Мас күйінде адамның өзін-өзі бақылауы әлсіреп, ашушаңдық, дөрекілік пен агрессия күшеюі мүмкін. Мұндай жағдайлар отбасындағы жанжалдың ушығуына және ауыр зардаптарға әкелуі ықтимал.

Жылдың алғашқы жеті айында Павлодар облысында тұрмыстық салада құқық бұзушылық жасаған 3312 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Оның ішінде денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін 10 адам, ұрып-соққаны үшін 22 адам жауапқа тартылды. Полиция отбасылық жанжал мен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне бейжай қарамауға шақырады. Құқық бұзушылықтың алдын алу үшін дер кезінде көмекке жүгіну және қауіп туралы полицияға хабарлау маңызды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар