«Заң мен тәртіп»: Петропавлда жасөспірімдер арасындағы қылмысқа жол бермеу шаралары күшейтілді

/
«Заң мен тәртіп»: Петропавлда жасөспірімдер арасындағы қылмысқа жол бермеу шаралары күшейтілді
polisia.kz

Жыл басынан бері Петропавл қаласында девиантты мінез-құлық танытқан 8 жасөспірім арнайы білім беру ұйымдарына жіберілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жылдың алғашқы жеті айында облыс орталығында кәмелетке толмағандар 20 қылмыс жасаған. Осыған байланысты полиция жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және профилактикалық жұмысты күшейту мәселесіне ерекше назар аударып отыр.

Бұл мәселе полиция, прокуратура қызметкерлері мен білім беру ұйымдарының басшылары қатысқан жиында талқыланды. Тәртіп сақшыларының пікірінше, жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алуда педагогтермен тығыз өзара іс-қимыл орнатудың маңызы зор.

Петропавл қаласы полиция басқармасының бастығы Серік Әлжанов колледж басшыларына жаңа оқу жылы басталғаннан кейін жеке профилактикалық жұмысты қажет ететін жасөспірімдердің тізімін ұсынып, олардың әрқайсысына жауапты маман бекітуді ұсынды.

Құқық бұзушылыққа бейім мінез-құлықты ерте кезеңде анықтау – профилактиканың тиімді тетіктерінің бірі. Алайда жиынға қатысушылар мұндай тәуекел белгілері әрдайым бірден байқала бермейтінін атап өтті.

Мәселен, жағдайы әлеуметтік тұрғыдан қалыпты болғанымен, толық емес отбасында тәрбиеленіп жатқан тоғызыншы сынып оқушысы арнайы білім беру ұйымына жіберілген. Бұған дейін оның үйден бірнеше рет өз бетімен кетіп қалғаны, әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны және бөтеннің мүлкіне зиян келтіргені анықталған. Келтірілген шығынды өтеу жауапкершілігі қазіргі таңда оның жалғызбасты анасына жүктеліп отыр.

Жыл басынан бері Петропавлда девиантты мінез-құлықты балаларға арналған білім беру ұйымдарына 8 жасөспірім орналастырылған. Қазір тағы төрт жасөспірім медициналық комиссиядан өтіп жатыр, бірнеше материал соттың қарауында.

Полицейлердің айтуынша, ата-аналар баланың мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде назар аударып, мамандардың көмегіне уақтылы жүгіне бермейді. Ал мәселені ерте кезеңде анықтап, қажетті қолдау көрсету күрделі жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Полиция қызметкерлері жасөспірімдердің қараусыз қалуы мен құқық бұзушылыққа бейімделуінің алдын алу мақсатында рейдтік іс-шаралар мен профилактикалық тексерулерді тұрақты түрде жүргізіп келеді. Бұл жұмыстар "Заң мен Тәртіп" қағидаты аясында қауіп-қатерді ерте анықтап, тиісті профилактикалық шараларды дер кезінде қолға алуға бағытталған.

Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты — Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар