Камераға түспеу үшін нөмірін қағазбен жауып қойған жүк көлігінің жүргізушісі куәлігінен айырылды

/
Камераға түспеу үшін нөмірін қағазбен жауып қойған жүк көлігінің жүргізушісі куәлігінен айырылды
polisia.kz

Елордада жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның негізгі мақсаты – жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

ЖПІШ-нің алғашқы күнінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 600-ге жуық дерегін анықтады. Олардың ішінде ең көп таралғаны – жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын бұзудың 200-ден астам дерегі, белгіленген техникалық талаптарға сай келмейтін көлік құралдарын басқарудың 100-ден астам жағдайы, сондай-ақ көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланудың 90-ға жуық дерегі бар.

Сонымен қатар көлікті заңсыз қайта жабдықтаудың 15 дерегі және қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығудың 11 фактісі анықталды.

Осындай заң бұзушылықтардың бірі елордаға кіреберісте анықталды. Howo жүк көлігінің 24 жастағы жүргізушісі бейнекамераларға түспеу мақсатында мемлекеттік тіркеу нөмірін матамен жауып қойған.

Алайда құқық бұзушылықты жасыру әрекеті нәтижесіз болды. Жүргізуші тоқтатылып, жауапқа тартылды. Сот шешімімен ол бір жыл мерзімге көлікті басқару құқығынан айырылып, қамауға алынды.

Полиция мемлекеттік тіркеу нөмірлерін жасыруға әрекет жасау, көлік құралдарын заңсыз қайта жабдықтау және жол қозғалысы ережелерін бұзудың басқа да түрлері заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.

Азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін барлық құқыққа қайшы әрекеттер “Заң мен тәртіп” қағидатын іске асыру аясында қатаң түрде тоқтатылатын болады.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары