Бурабайда мас жүргізуші туристерді электробуспен тасымалдаған

/
Бурабайда мас жүргізуші туристерді электробуспен тасымалдаған
shutterstock.com

Ақмола облысында полицейлер Бурабай кентінде мас күйінде электробус басқарған жүргізушіні ұстады. Көлік ішінде сол сәтте бес жолаушы болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полиция мәліметінше, патрульдік қызметкерлердің назарына артқы габариттік шамдары жанбай тұрған серуендеуге арналған электробус іліккен. Көлікті тоқтатқан кезде жолаушылардың жергілікті демалыс орындарының бірінен келе жатқаны анықталған.

Жүргізушімен сөйлесу барысында полицейлер одан алкоголь иісін сезіп, медициналық куәландыруға жіберген.

«Бастапқыда жүргізуші өз деректерін беруден бас тартты. Кейін қажетті рәсімдерден өтуге келісті. Медициналық куәландыру нәтижесінде оның орташа дәрежеде мас болғаны анықталды», – деп хабарлады полиция.

Сондай-ақ ер адамның бұған дейін көлік құралын басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Жүргізуші демалыс аймақтарының бірінде тағылымдамадан өтіп жүргенін және таныстарын курорт аумағында серуендетпек болғанын айтқан.

Қазір аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар