Зағип пианиношы Абылай Мұстафин Лондонда өткен халықаралық байқауда 1-орын иеленді

/
Зағип пианиношы Абылай Мұстафин Лондонда өткен халықаралық байқауда 1-орын иеленді
Әлеуметтік желіден

Қазақстандық зағип пианиношы Абылай Мұстафин Лондонда өткен Golden Time Talent халықаралық байқауында «Фортепиано» номинациясы бойынша 1-орын иеленді. Бұл туралы өнерпаз әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, байқау барысында әлемнің әр түкпірінен келген талантты пианистермен танысып, олармен бірге Корольдік музыка академиясының сахнасында өнер көрсетуге мүмкіндік алған.

«Барлығыңызға сәлем!

Мен үшін қуанышты жаңалық бар. Мен Лондон қаласында өткен Golden Time Talent халықаралық байқауының «Фортепиано» номинациясы бойынша 1-орынды жеңіп алдым.

Мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген талантты пианистермен танысып, олармен бірге Корольдік Музыка Академиясының сахнасында өнер көрсеткеніме зор әсер алдым», – деп жазды Абылай Мұстафин.

Оның айтуынша, байқау оған өзгелермен тең екенін сезінуге мүмкіндік берген.

«Бұл байқау маған бір сәтке болса да бәрімен бірдей екенімді сезінуге мүмкіндік берді: мен рояльдің алдына отырғанда, бүкіл әлем мен үшін тоқтап қалғандай болды. Ноталарды көрмей, шығарманы жатқа ойнағаным маңызды емес еді.

Мен музыкаға еніп, мұғаліммен бірге өткен жаттығуларымдағыдай ойнадым.

Өнерімнен кейін залдағы тыңдаушылар – байқаудағы жолдастарым мен қазылар алқасы – ду қол шапалақтап, зор қолдау көрсетті. Сол сәтте мені бүкіл әлем қабылдағандай сезіндім», – деп жазды ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар