Аймақтардың үні Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жететін болады – Қ.Тоқаев

Аймақтардың үні Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жететін болады – Қ.Тоқаев
Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында аймақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау Халық Кеңесінің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бағзы замандардан бері Ұлы даламыз өркениеттер тоғысынан қуат алып, барша ұлттың салт-дәстүріне, діні мен мәдениетіне құрметпен қарайтын ашық әрі ынтымағы жарасымды мекен ретінде тарихтың талай асуынан өтті.   Дүниедегі жақсы атаулыны жатсынбай, сіңіре білген ата-бабамыз Ұлы Жібек жолын мәдениеттер бір-бірімен біте қайнасып, жаңа білім, озық құндылықтар мен сол заманның үздік технологияларын алмасатын кеңістікке айналдырды.   Шығыспен де, Батыспен де тығыз байланыс орнатудың арқасында халқымыздың ерекше менталитеті қалыптасты. Біздің қазіргі тарихымыз – осыған айқын дәлел.   Этномәдени бірлестіктер кәдімгі «достық керуені» іспеттес. Олар игі мақсатқа жету жолында сапарын үзбейді.   Міндетіміз – ынтымақ-бірлікті нығайтып, шынайы достық пен толеранттылықты келесі ұрпаққа аманаттап қалдыру», – дейді Президент.

Мемлекет басшысы Халық Кеңесі ауылда, ауданда, облыста нақты ісімен халықтың ықыласына бөленіп жүрген мықты тұлғаларды елге танытып, олардың қабілетін одан әрі шыңдауға мүмкіндік беретін мекеме болатынына сенім білдірді.

«Халық Кеңесінің тағы бір маңызды міндеті – аймақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау.  

Өздеріңізге мәлім, Кеңестің үштен бір бөлігі – аймақтан келген өкілдер. Олардың қатарында мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері бар.  

Бұл – жергілікті жердегі мәселелер республикалық деңгейде көтеріледі деген сөз. Қоғамда «Сенат жұмысын тоқтатқан соң өңірлердің мүддесі ескерусіз қала ма?» деген сұрақ болуы мүмкін. Тіпті болған деп айтсақ та, қате емес. Бірақ, алаңдауға ешқандай негіз жоқ. Аймақтардың үні бұдан былай Құрылтай мен Халық Кеңесі арқылы мемлекеттік органдарға жететін болады. Ауылда, ауданда, облыста нақты ісімен халықтың ықыласына, құрметіне ие болған азаматтар аз емес. Халық Кеңесі осындай мықты тұлғаларды елге танытып, олардың қабілетін одан әрі шыңдауға мүмкіндік беретін мекеме болмақ. Мен бұған кәміл сенемін.  Мәслихаттар Парламентпен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олар аймақтағы мәселелерді орталыққа жеткізіп, заңдарды жетілдіруге қатысты өз ұсыныстарын тұрақты түрде беріп отырады» , – дейді Президент.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар