Тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек – Президент

/
Тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек – Президент
istockphoto.com

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында «Таза Қазақстан» бастамасының мән-мазмұнын күшейтіп, тазалықты ұлттық брендке айналдыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Дегенмен «үшінші сектордың» басты міндеті – қоғамда Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру

Бұл жұмыстың маңызына бір сөзбен баға беру қиын. Сіздер осынау мемлекеттік және қоғамдық қағидаттардың мәні мен мақсатын жақсы түсінесіздер

Өкінішке қарай, мәдениетсіздік фактілерімен жиі бетпе-бет келеміз. Табиғатты, қоғамдық орындарды қасақана ластайды. Қоғамға, мемлекетке қарсы мұндай бейбастақ әрекеттерге жазаны күшейткен дұрыс деп есептеймін.

«Таза Қазақстан» дегеніміз – адамның айналасына жауапкершілікпен қарау дағдысы, азаматтық кемелдіктің көрсеткіші, мемлекет өркениетінің маңызды өлшемі.

Қалаларымыз бен ауылдарымыздың біразында жоғары экологиялық мәдениет пен қоғамдық тәртіп үлгісін көріп-байқап жүрміз. Бұл бізді қуантады. Қазақстанды қонақжай әрі қауіпсіз ел ретінде таниды. Енді осы артықшылықтарымызбен қоса, тазалықты да ұлттық брендке айналдыруымыз керек.

Елімізге келген қонақтар қазірдің өзінде қалаларымыздың келбетіне тамсана қарайды. Бұл Қазақстанның туристік әрі инвестициялық тартымдылығын еселей түседі. Осындай жетістіктерді ел аумағында таратуымыз керек.

«Таза Қазақстан» бастамасының мән-мазмұнын күшейтіп, тың идеялармен, креативті жобалармен толықтырған жөн», – деді Президент. 

Сондай-ақ Мемлекет басышсы тазалық пен тәртіпті сақтауды, елді жаппай көгалдандыруды және табиғатқа жауапкершілікпен қарауды мемлекеттік маңызы бар міндет деп атады.

«Жалпы, тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесі әрдайым басты назарда болуы керек. Онсыз ешқандай даму да, өркендеу де болмайтыны айдан анық.

Біз «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қозғалысы арқылы тұтас ұлтымыздың болмысын өзгертіп жатырмыз.

Табиғатқа немқұрайлы қарауға, бейқам болуға, бұл мәселеде ешқандай қатігездікке жол беруге болмайды.

Адам мен табиғат – егіз. Біз қоршаған ортаға қамқор болуымыз керек.

Тағы да атап өткім келеді: қалалардың сәулеті мен көркінен халқымыздың мәдениеті, бойындағы қадір-қасиеті және құндылықтары көрініс табады.

Еліміздің таза, тартымды болғаны ең алдымен азаматтарымыздың көңіл-күйіне, әлеуметтік жағдайына әсер етеді. Сондай-ақ, бұл – экономикалық өсімге ықпал ететін маңызды фактор.

Сондықтан, елімізді жаппай көгалдандыру, тазалықты сақтау, заң мен тәртіпті бұзбау – мемлекеттік маңызы бар міндеттер.

Біз бір күннің қамы үшін емес, болашақ ұрпақтың жарқын болашағы үшін осы жұмыспен белсенді түрде айналысуымыз керек», – деді Қ. Тоқаев. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар