Ер адам байқаусызда 540 миллион теңгеге жуық ақшасын қоқысқа тастап жіберген

/
Ер адам байқаусызда 540 миллион теңгеге жуық ақшасын қоқысқа тастап жіберген
facebook.com/nicolaroberto.toscano

Италияның Битонто қаласында бір тұрғын лотереядан 1 миллион еуро, яғни шамамен 540 миллион теңге ұтып алып, жүлдесінен айырылып қала жаздады. Себебі ол билетті ұтыссыз деп ойлап, қоқысқа тастап жіберген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Il Post басылымының жазуынша, оқиға туралы қаладағы қоқыс шығару және тасымалдаумен айналысатын Sanb компаниясының президенті Роберто Тоскано айтып берді.

Оның сөзінше, ер адам лотерея билетін сатып алғаннан кейін оны арнайы автомат арқылы тексерген. Экранда билет бойынша төлем жасалмайтыны туралы хабарлама шыққан соң, ол ештеңе ұтпадым деп ойлап, билетті қоқыс жәшігіне тастай салған.

Кейін бұл хабарламаның себебі басқада екені анықталған. Ұтыс көлемі тым жоғары болғандықтан, автомат оны қалыпты тәртіппен рәсімдей алмаған.

Ер адам қателескенін түсініп, билетті сатып алған дүкенге қайта оралған. Алайда сол сәтте қоқыс контейнері босатылып, қалдықтар арнайы көлікпен әкетіліп қойған.

Осыдан кейін ол коммуналдық қызмет өкілдерінен көмек сұраған.

Sanb қызметкерлері контейнердегі қоқысты қай көлік алып кеткенін анықтап, қалдықтар компакторға түсіп, толық өңдеуге жіберілмей тұрғанда тоқтатып үлгерген.

Роберто Тосканоның айтуынша, оқиғаның жексенбі күні болуы да сеп болған. Әйтпесе қоқыс полигонға жеткізіліп кетуі мүмкін еді.

Компактор табылғаннан кейін ол оқшауланып, күзет қойылған. Қызметкерлер арнайы алаң дайындап, келесі күні таңғы сағат алты шамасында қоқысты қолмен сұрыптай бастаған.

Бірнеше сағаттық іздеуден кейін қызметкерлердің бірі ұтыс билетін жыртылған пакеттің ішінен тауып алған. Ол басқа қоқыс пен жарамсыз лотерея билеттерінің арасында жатқан.

Осылайша иесі 1 миллион еуролық жүлдесінен айырылмай қалды.

Іздеу жұмыстары басталмас бұрын ер адам операцияға кеткен барлық қосымша шығынды өзі өтейтіні туралы міндеттеме берген. Енді қоқыстан ұтыс билетін іздеуге жұмсалған шығынды жеңімпаздың өзі төлейді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар