Семейде әйелін бейсбол битасымен ұрып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

/
Семейде әйелін бейсбол битасымен ұрып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты
Скриншот

Семейде жұбайын бейсбол битасымен аяусыз соққыға жығып, өлтірген ер адамға сот үкімі шықты. Сот тараптардың уәждерін тыңдап, сараптама қорытындыларын зерделегеннен кейін айыпталушыны 12 жылға бас бостандығынан айырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Информбюро жаңалықтар қызметінің мәліметінше,сот жәбірленуші тараптың пайдасына 10 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы өндіріп беру туралы шешім шығарды.

 «Сот үкімімен Б. ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 12 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, Семей қаласының қорғаншылық және қамқоршылық органына сотталғанның кәмелетке толмаған екі баласына қатысты қорғаншылық пен қамқоршылық рәсімдеу мәселесін шешу жүктелді», – делінген Абай облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.

Қайғылы оқиға биыл сәуір айында болған. Тергеу мәліметінше, ішімдік ішкен ер адам жұмыстан қайтып келе жатқан жұбайын аңдып күтіп, оған бейсбол битасымен шабуыл жасаған. Әйелдің басынан бірнеше рет соққы беріп, жерге құлағаннан кейін де ұруын тоқтатпаған. Сараптама қорытындысына сәйкес, жәбірленушіге барлығы 27 рет соққы жасалған. Ауыр жарақат алған 52 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, қылмысқа қызғаныш себеп болған. Марқұм ұзақ уақытқа созылған отбасындағы зорлық-зомбылықтан кейін күйеуімен ажырасуға шешім қабылдаған. Бастапқыда ерлі-зайыптының екі жаққа кетуі келісілгенімен, кейін ер адам жанжал шығарып, үйдегі құжаттарды өртеп жіберген. Ерлі-зайыптының екі кәмелетке толмаған баласы бар.

«Мен соттың шешімімен толық келісемін. Себебі менің талабым да осы болды. Ендігі мәселе – балалардың тағдыры. Сот олардың құжаттарын мүмкіндігінше тез рәсімдеуді тапсырды. Енді қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Екі бала да біздің қамқорлығымызда қалуы керек», – деді марқұмның туысы Жанна Нұрғазинова.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар