«Әділет» партиясының өңірлік сайлауалды штабтары ел аумағында түрлі сала өкілдерімен және тұрғындармен кездесулерін жалғастыруда. Алматы қаласында медицина қызметкерлерімен денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелері талқыланса, Астанада «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлерімен цифрлық трансформация бағытындағы бастамалар сараланды. Ал Түркістан облысында штаб өкілдері Сауран ауданының шалғай ауылдарын аралап, тұрғындармен ашық пікір алмасып, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Әділет» партиясының Алматы қалалық сайлауалды штабының өкілдері С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен, қызметкерлерімен, сондай-ақ Алмалы ауданындағы денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлерімен кездесті. Кездесу университет базасында өтті. Ашық диалогтың негізгі тақырыбы отандық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медицина қызметкерлерін қолдау және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталған бастамалар болды.
Кездесуді С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов ашып, жүргізді.
Кездесуде «Әділет» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, қалалық сайлауалды штабтың жетекшісі Станислав Владимирович Канкуров сөз сөйледі. Ол партияның денсаулық сақтау саласына қатысты сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарын таныстырып, бұл бағыт халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған Мемлекет басшысының стратегиялық бағытымен сабақтас екенін атап өтті.
«Президентіміз мемлекет дәрігерлерді құқықтық тұрғыдан қорғаумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше мән беруі тиіс екенін бірнеше рет атап өтті. Сондықтан денсаулық сақтау мәселелері "Әділет" партиясының сайлауалды бағдарламасында ерекше орын алады. Біз ауруды емдеумен ғана шектелмей, оның алдын алу, ерте диагностикалау және әрбір азаматқа сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ететін жүйені қалыптастыруды ұсынамыз», – деді Станислав Канкуров.
Оның айтуынша, партия инвазивті емес диагностика орталықтарының желісін құруды, халықтың кемінде 90 пайызын электрондық денсаулық паспорттарымен қамтуды, тоғыз перинаталдық орталықтың құрылысын аяқтауды, республикалық клиникалар мен ғылыми орталықтарды кешенді жаңғыртуды, оңалту орталықтарының желісін кеңейтуді, сондай-ақ ауылдық жерлерге баратын жас дәрігерлерді лайықты еңбекақымен, қызметтік тұрғын үймен және толық әлеуметтік қолдау пакетімен қамтамасыз етуді ұсынады. Сонымен қатар бағдарламада кардиологиялық қызметті ерте диагностикаға, амбулаториялық бақылауға және кардиологиялық оңалтуға бағыттап дамытуға ерекше назар аударылған.
Кездесуде депутаттыққа кандидат, С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің бірінші проректоры Диляра Радикқызы Қайдарова сөз сөйлеп, медициналық білім беру жүйесін дамыту, жоғары білікті кадрлар даярлау, заманауи технологияларды енгізу және медициналық көмектің сапасын арттыру бағытындағы басымдықтарға тоқталды.
Сондай-ақ Денсаулық сақтау жүйесі ардагерлері кеңесінің төрағасы Қадыр Тоқтамысұлы Омаров сөз сөйлеп, оның пікірі көпшіліктің ерекше ықыласына ие болды.
Ол осы университетке осыдан 60 жыл бұрын студент болып қабылданғанын, сол кезеңде елде бір ғана партия болғандықтан азаматтардың таңдау мүмкіндігі болмағанын еске алды. Бүгінде Қазақстан демократиялық мемлекет ретінде дамып келе жатқанын, саяси партиялардың өз бағдарламаларын халыққа таныстыруға мүмкіндігі бар екенін және әрбір азаматтың саналы таңдау жасай алатынын атап өтті.
Ардагердің айтуынша, ол сайлауға қатысып жатқан барлық саяси партиялардың бағдарламаларымен мұқият танысқан. Соның ішінде денсаулық сақтау саласын дамытуға және медицина қызметкерлерін қолдауға қатысты ең нақты әрі өміршең ұсыныстар «Әділет» партиясының бағдарламасында қамтылған деген пікірін білдірді.
«Мен барлық партиялардың бағдарламаларын мұқият оқып шықтым. Денсаулық сақтау саласы қызметкерлері үшін "Әділет" партиясының бағдарламасында нақты шешімдер мен нақты қолдау шаралары ұсынылған. Сондықтан мен осы партияны қолдаймын және сіздерді де Президентпен бірге Әділетті Қазақстанды құруға үлес қоса алатын саяси күшке қолдау көрсетуге шақырамын», – деді Қадыр Омаров.
Кездесу соңында ашық пікір алмасу өтті. Медицина қызметкерлері денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Қатысушылар мұндай ашық кәсіби диалогтар медициналық қауымдастықтың пікірін ескеруге және саланы одан әрі дамытуға ықпал ететінін атап өтті.

Ал «Әділет» партиясының Есіл аудандық сайлауалды штабы «Қазақтелеком» АҚ қызметкерлерімен «Цифрлық шешімдер уақыты» атты сарапшылық кездесу өткізді.
Іс-шараға «Әділет» партиясының Астана қалалық сайлауалды штабының төрағасы Ерлан Қаналимов, Құрылтай депутаттығына кандидат Кендебай Адамбек, сондай-ақ «ЭҚО» АҚ және «Қазақстан ГАЖ орталығы» АҚ тәуелсіз директоры Ботагөз Қасабек қатысты.
Кездесуде цифрлық экономиканы дамыту, цифрлық трансформация, ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық инфрақұрылымды жетілдіру және мемлекеттік әрі телекоммуникациялық қызметтердің сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар цифрландыру, заманауи технологияларды енгізу және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге бағытталған бастамалар таныстырылды.
Іс-шара аралас форматта өтті. Оған офлайн режимде 300-ге жуық адам қатысса, бейнеконференция арқылы еліміздің барлық өңірінен 4 мыңнан астам IT саласының өкілі қосылды. Кездесу барысында қатысушылар өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерімен бөлісті.
Жиын цифрлық даму мәселелерін жан-жақты талқылауға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік берген тиімді диалог алаңына айналды.

Сондай-ақ «Әділет» партиясының өкілдері Түркістан облысы Сауран ауданынының шалғай ауылдарына барып, жұртшылығымен кездесті.
Алдымен Жібек Жолы ауылдық округінің Сауран ауылында басталған кездесу, Шорнақ ауылында жалғасты. Содан соң бейресми әрі еркін форматтағы үгіт-насихат жұмыстары Ораңғай ауылында қорытындыланды. Оған Құрылтай депутаттығына кандидаттар Нұрлан Толыбаев пен Мамырхан Юлдашев, облыстық сайлауалды штаб мүшелері және ауыл тұрғындары қатысты.
Кездесуді ашқан партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев ауданның тарихи маңызына тоқталып, өңірдің ежелден сауда мен мәдениеттің, еңбек пен бірліктің ордасы болғанын атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің жоғары заң шығарушы органы жаңа форматқа көшіп, енді Құрылтай деп аталатынын айтып, алдағы 23 тамыздағы сайлаудың ел болашағы үшін айрықша маңызға ие екенін жеткізді. Өз сөзінде кандидат партияның басты мақсаты халықтың күнделікті өміріне әсер ететін мәселелерді шешу екенін атап өтті. «Әділет» партиясы үшін цифрландыруды жан-жақты прогрестің басты құралы екенін жеткізді.
«Ауыл тұрғындарын ең алдымен сапалы ауыз су, ішкі жолдардың жағдайы, қоғамдық көлік, интернет пен ұялы байланыстың сапасы толғандырады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығын қолдау, жастарды жұмыспен қамту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру біздің бағдарламаның негізгі бағыттары. Әділетті қоғам нақты істерден басталады. Сондықтан әр азаматтың таңдауы елдің ертеңіне ықпал етеді. Бүгінде азаматтардың 99 пайыздан астамына интернет жеткен, мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн көрсетіледі. Біз Қазақстанды аймақтағы жасанды интеллект модельдері әзірленіп, енгізілетін орталық хабқа айналдыруды көздейміз. Сонымен қатар цифрландыру дербес деректерді сенімді қорғаумен, киберқауіпсіздікті күшейтумен және азаматтардың цифрлық сауатын арттырумен қатар жүруге тиіс деп білеміз. Сондықтан кемі 5 млн қазақстандықты жасанды интеллектімен жұмыс істеуді меңгеретіндей жағдай жасаймыз, – деді Нұрлан Толыбаев.
Облыстық мәслихаттың төрағасы, облыстық сайлауалды штаб мүшесі Нұралы Әбішов еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанның ішкі жалпы өнімі өсіп, жан басына шаққандағы табыс көрші мемлекеттермен салыстырғанда жоғары деңгейге жеткен. Алты айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысы инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орындарын құруда республикада көш бастап келеді. Аудандар арасында Сауран ауданының бірінші орында тұрғанын атап өткен ол әрбір азаматтың даусы мемлекет дамуына ықпал ететін маңызды таңдау екенін айтты.
«Қазір билікке жас буын келіп жатыр. Кәсіпкерлік те қарқынды дамып келеді. Ауыл тұрғындары жұмыс іздеп қалаға қатынайды, енді өз ауылында да табыс табатын мүмкіндікке ие болуы тиіс. Біз елдімекендерде отбасылық кәсіпкерлікті, қызмет көрсету саласын, жылыжай шаруашылығын, қолөнерді, ауыл туризмін дамытуға барлық мемлекеттік бағдарламалардың қолжетімді болуын қолдаймыз, – деді ол.
Партияның сайлауалды бағдарламасына ауылдарды дамытуға арналған нақты жоспарлар енген. Әсіресе отандық өнімдер мен шаруаларды қолдауды мақсат етеді. Құрылтай депутаттығына кандидат Мамирхан Юлдашев шаруа өнім өндірсе, оны тиімді өткізе алуы керек дейді.
«Ауыл тұрғындары да қала тұрғындарымен бірдей тұрғын үй бағдарламаларына қол жеткізеді. Мемлекеттік қолдау ең алдымен ауыл-аймақтарда жаңа үйлер салып, тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Ауыл кластерлері жүйесін қалыптастыра береміз», – деді кандидат.
Сонымен қатар кандидат партия бағдарламасында білім беру мен денсаулық сақтау салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлінгенін айтып, сапалы әлеуметтік қызметтер әрбір азамат үшін қолжетімді болуы тиіс екенін жеткізді.
Облыстық сайлауалды штаб мүшесі Қалыйма Жантөреева партияның мақсаты халықтың сеніміне ие болатын, азаматқа қызмет ететін мемлекет құру екенін айтып, әрбір қабылданған шешім елдің дамуына, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және болашақ ұрпақтың мүмкіндігін кеңейтуге бағытталуы тиіс деп пайымдады. Сонымен қатар саяси ұйымның алға қойған мақсаттары және міндеттерін таныстырды. Ал азаматтық қоғам белсендісі Мөлдір Нұрман бағдарламаның нақты экономикалық көрсеткіштерге негізделгенін айтып, ішкі жалпы өнімнің өсуі жаңа мектептердің, спорт нысандарының, жолдардың салынуына, ауылдарды дамытуға, жеңілдетілген несиелер мен тұрғын үй бағдарламаларын кеңейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Облыстық штаб мүшесі соңғы жылдары жаңа білім беру нысандарын салу бағытында жұмыстар жүргізіліп келе жатқанын жеткізді.
«Халық санының өсуіне қарай мектептердің материалдық-техникалық базасын күшейту, заманауи кабинеттермен жабдықтау және мұғалімдерге жағдай жасау жұмыстары тұрақты жалғасуы керек. Партия бұл мәселені сайлауалды бағдарламасында қарастырған», – деді ол.
Кездесудің негізгі бөлігі тұрғындардың пікіріне арналды. Ауыл азаматтары елді мекендегі инфрақұрылымды жетілдіру, соның ішінде ауыл көшелеріне асфальт төсеу, бағаналарды жаңарту, сондай-ақ спорт алаңын салу, жастарды тұрақты жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын қолдау, жол сапасы мен әлеуметтік нысандардың жай-күйіне қатысты өз ұсыныстарын айтты. Партия өкілдері көтерілген әрбір мәселе назарға алынатынын және олар сайлауалды бағдарламаны іске асыру барысында басшылыққа алынатынын жеткізді.
Жиын соңында сөз алған ауыл ақсақалдары «Әділет» партиясының елдің тұрақты дамуына және әділетті қоғам қалыптастыру жолындағы бастамаларынаа қолдау білдірді. Штаб өкілдеріне ақ батасын беріп, алдағы саяси науқанға сәттілік тіледі.